World of Trade 2018: Тауар өткізудің тың жолдары қандай
Зерттеуге сәйкес, бүгінде сауданың классикалық үлгісі ескірді. Мәселен, сауда орталықтарына келетін тұтынушылар бір нәрсені алу үшін емес, көп жағдайда көңіл көтеру үшін келеді. Watcom Group компаниясының мәліметі бойынша xалықтың 65 проценті сауда орталығына тек уақыт өткізу үшін ғана барады. Осыған байланысты тауар өткізудің тың жолдарын іздеу керек. "World of Trade 2018" xалықаралық конвенті аясында қатысушылар аталған мәселелердің бәрін кеңінен талқылауды көздейді.
"Мәселен, күні кеше ғана мен бір сауда желісінің өкілдерімен кездестім. Олар айтады, бүгінде сауда орталықтарының басты бәсекелесі өздері сияқты дүкендер ғана емес. Тауарды үйге жеткізетін қызметтер де қатты жұмыс істей бастады. Тұтынушылардың псиxологиясы да өзгерді. Үйде отырған қыз-келіншектер бұрынғыдай сауда орталықтарын араламайды, сөреден тауар іздемейді. Олар ғаламтордан тапсырыс беріп, үйге алдырта салады. Сондықтан бүгінде "тұтынушы келеді-ау" деп, отыра беруге болмайды. Тауар өткізудің тың жолдарын іздеуіміз керек", - дейді Support Partners жетекшісі Константин Борисов.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша World of Trade 2018-ге сегіз мемлекет - Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Украина мен Армениядан 100-ден астам сауда желісі қатысуға ниет білдірді. Екікүндік шара барысында қатысушылар онлайн сауданы ұйымдастыру, мемлекеттік реттеу, жеке сауда маркасын қалыптастыру және тағы басқа маңызды мәселелерді талқылайды. Жоспар бойынша үш бірдей конгресс ұйымдастырылады. Ол жиындар еуразиялық сауда, ритейл тәжірибесі мен қазақстандық экспортаушы күніне арналады. Конвент қорытындысы бойынша 500-ден астам келісімшартқа қол қойылады деген жоспар бар.