WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада өткен WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионаты өз мәресіне жетті. Іс-шара барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үздік студенттері мен жас мамандары марапатталды.

WorldSkills Kazakhstan 2025
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, Астана қаласында қорытындыланған республикалық WorldSkills Kazakhstan чемпионаты жас мамандарды, педагогтерді, салалық сарапшыларды және бизнес қауымдастықты біріктірген маңызды алаңға айналды.

Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам колледж студенті қатысты. Биылғы чемпионат колледж студенттері арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, олардың кәсіби даярлығын жаңа сапалық деңгейге көтерді.

WorldSkills Kazakhstan 2025
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

– WorldSkills Kazakhstan – еліміздегі кәсіби білім сапасының негізгі индикаторы және дағдылар мен құзыреттіліктердің басты шеберлік алаңы. Биыл чемпионат 45 құзыреттілік бойынша өтті. Біз колледж студенттерінің кәсіби даярлығының артқанының куәсі болдық. Жыл сайын қатысушылар мен құзыреттілік санының артуы біл кәсіби шеберлік додасына қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Биыл қатысушылар саны 1,5 есе өсті. Бұл чемпионатта біз жас мамандардың шынайы шеберлігін, еңбексүйгіштігін және кәсіби батылдығын көрдік. Бұл чемпионат жас мамандарға серпін мен сенім береді, – деді Шынар Ақпарова.

Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы медальдар саны 53 алтын, 55 күміс, 59 қола медальды, сондай-ақ 213 «Ерекшелік» медальондарын құрады.

жастар
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласы 60 балмен бірінші орынға шықты. Павлодар және Ақмола облыстары 56 балмен екінші орынды бөлісті.
Ал Түркістан мен Қарағанды облыстары – 55 балмен үшінші орынға тұрақтады.

Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

2025 жылғы чемпионаттың басты жаңалығы – еңбек нарығындағы сұраныс пен технологиялық трендтерге сай 15 жаңа құзыреттіліктің енгізілуі болды.
X Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары Қазақстанның ұлттық құрамына қосылып, 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International чемпионатында ел намысын қорғайды.

жастар
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Айта кетейік, Чемпионат Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және «Talap» КеАҚ ұйымдастыруымен өткізілді.

Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Соңғы жаңалықтар