WorldSkills Zhambyl-2018: Таразда үздік жұмысшы мамандар анықталады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда техникалық және кәсіби білім беретін колледж студенттері арасында кәсіби дағды бойынша облыс чемпионаты басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сайыс кәсіби шеберліктің он түрі бойынша Тараздағы төрт колледж алаңында бір мезгілде өтеді. 60 студент қатысатын чемпионатты 80 сарапшы қадағалайды.
Шеберлік алаңдарын Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Тараз химия-технологиялық колледжі, №13 Теміржол колледжі мен Тараз қызмет көрсету және технология колледжі ұсынып отыр. Студенттердің «Аспаздық», «Дәнекерлеу технологиясы», «Шаш қию өнері», «Электромонтаж», «Плиткамен сыртқы әрлеу», «Веб-дизайн», «Ағаш шеберлігі», «Токарьлық жұмыстар», «Автомобиль жөндеу», «Киім дизайны» сияқты кәсіп түрлері бойынша біліктіліктері сыналады.
Чемпионатты техникалық және кәсіби білімді дамыту орталығының қолдауымен Жамбыл облыстық білім басқармасы ұйымдастырып отыр.
««WorldSkills Zhambyl-2018» облыстық чемпионатының мақсаты - жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту және осы салаға бизнес-қауымдастықтардың назарын бұру»,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Облыстық чемпионаттың жеңімпаздары «WorldSkills Kazakhstan» аймақаралық сайысына жолдама алады. Ең үздік мамандарға арнайы сертификаттар тапсырылады.