WSB жаңа маусымындағы Астана арландарының құрамы белгілі болды
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматыдағы Энергетика және электронды технологиялар мемлекеттік колледжінде өткен баспасөз мәслихатында Астана арландары командасының жаңартылған құрамы таныстырылды,
деп хабарлады, Vesti.kz.
Баспасөз мәслихаты барысында клубтың бас директоры Болат Манкенов команданың жаңа жаттықтырушысы ретінде өткен маусымда D & G Milano Thunder командасымен жұмыс істеген украиндық маман Сергей Корчинскийді таныстырды. Сондай-ақ жаттықтырушылар құрамына Бейбіт Есжанов, Олег Ковальчук, Виктор Демьяненко және Леонард Пижертай кірді.
Б.Манкенов болашақ жоспарларымен де бөлісті. «Танымал әлемдік клубқа айналғымыз келеді. Міндет - бірінші болу. Клубымыздың атауы да барлығының алдында болуға міндеттейді. Әзірше біздің сапымызда 16 боксшы бар, ал олардың саны 22 болуы керек. Таяу аралықта проблемалы салмақ санаттарын нығайтамыз деп үміттенеміз. Драфт кезінде күрзі жұдырық жігіттерді қатарға тартатын боламыз әрі оны балансты бұзбай жасаймыз. Өйткені клуб құрамының 60 пайызы қазақстандық боксшылардан, ал 40 пайызы легионерден құралуы керек», - деді ол.
Сондай-ақ клубтың бас жаттықтырушысы Қанат Исламға қатысты жайттардың да басын ашып берді. «Таяуда біз онымен сөйлестік. Ол АҚШ-та жұдырықтасқысы келетіндігін айтты. Үш күн бұрын Қанат Майамиге ұшып кетті. Ол жас емес әрі өзін танытып үлгергісі келеді. Біз Қанаттың жолы болатындығына сенеміз әрі оған сәттілік тілеміз», - деді Б.Манкенов.