X желісіндегі ақаулардан кейін Маск компанияларына көбірек көңіл бөлетінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – ТАСС хабарлағандай, АҚШ кәсіпкері Илон Маск өзіне тиесілі X әлеуметтік желісінде орын алған ірі ақаудан кейін өз компанияларына барынша көңіл бөлуге ниетті екенін айтты.

соцсеть X
Фото: tmcars.info

— Қайтадан 24/7 режимінде жұмысқа оралып, конференц-залдарда, серверлік бөлмелер мен зауыт цехтарында ұйықтайтын боламын. X желісіне, жасанды интеллект стартапы xAI, Tesla компаниясына және келесі аптаға жоспарланған Starship зымыранының ұшырылымына барынша назар аударуым қажет. Біз қазір шешуші технологияларды енгізіп жатырмыз. Осы аптадағы X желісіндегі ақаулар операциялық үдерістерде ауқымды жақсартулардың қажеттігін көрсетті, — деп жазды Маск өзінің X парақшасында.

Downdetector қызметінің мәліметінше, 24 мамыр күні АҚШ-та шамамен 25,8 мың қолданушы X платформасында ақау болғанын хабарлаған. Сондай-ақ мұндай іркілістер Ұлыбритания, Франция, Жапония және басқа елдерде де тіркелген.

Айта кетейік, наурыз айында Tesla акциялары 15%-ға құлдырап, бұл 2020 жылдың қыркүйегінен бергі ең нашар көрсеткіш болды.

Бұған дейін, сәуір айында, Маск Трамп әкімшілігінде аз жұмыс істеймін деп уәде берген болатын.

Соңғы жаңалықтар