XIV Паралимпиада ойындары: қазақстандық спортшылар ертең жарыс жолына шығады

АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Лондон қаласында ашылған XIV Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар ертең жарыс жолына шығады.

XIV Паралимпиада ойындары: қазақстандық спортшылар ертең жарыс жолына шығады

Тамыздың 31-і күні өтетін пауэрлифтинг сайыстарына 44 келі салмақ дәрежесіндегі Кәбира Асқарова қатысады. Қызылорда облысының тумасы 2010 жылы Азия ойындарының жүлдегері атанған болатын. Одан кейін қыркүйектің 1-і күні жеңіл атлет Ислам Сәлімов ұзындыққа секірсе, Айбек Әбжан (60 келі) пауэрлифтинг сайыстарында өз бағын сынап көрмек. Келесі күні Әнуар Ахметов баттерфляй стилімен 100 метр қашықтыққа жүзу бойынша жарысқа түседі. Ал Сергей Харламов қыркүйектің 5-і күні ұзындыққа секіреді. Содан соң қыркүйектің 8-іне дейін Зүлфия Ғабидулина мен Әнуар Ахметов арқада, еркін және брас стилімен жүзу сындарына қатысады. Сол күні 100 метрге жүгіретін Айнұр Байдулдаева қазақстандық спортшылардың жарыс жолын аяқтайды. Жалпы, биылғы Паралимпиадалық ойындарда Қазақстанның намысын 7 спортшы қорғайды. Олар Лондон Олимпиадасы кезінде еліміздің Әнұраны жеті рет шырқалған «ExCell» спорт кешенінде өнер көрсетпек.

Айта кетейік, XIV Паралимпиадалық ойындарында алтын алған қазақстандық спортшыларға 50 мың доллар, күміске - 35 мың, ал қола медальға 25 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы белгіленіп отыр. Сондай-ақ 4-ші орынға - 14 мың, 5-ші орынға - 6 мың және 6-шы орынға 4 мың доллар қарастырылған.