XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 2 күн қалды
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура 2 күн қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Пхенчхан қаласы Олимпиада ойындарын өткізу үшін барлық жағдайды жасап үлгерген. Бүгінгі таңда әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар мен қонақтар қалаға орналасып болды. Себебі, ақпанның 1 күні Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті барлық спорт түрлерінен спортшыларды тіркеуді аяқтағанын жариялаған болатын.
Жалпы Қысқы ойындарға 92 Ұлттық Олимпиада комитетінен 2295 спортшы тіркеуден өткен. Оңтүстік Кореяның өзінен 15 спорт түрі бойынша 144 спортшы медальға таласады. Ал Солтүстік Кореядан төрт жылдық додаға 5 спорт түрінен 22 спортшы қатысатыны белгілі болды. Сонымен қатар Пхенчхан Олимпиадасына 6 мемлекет тұңғыш рет қатысқалы отыр. Олар - Эквадор (шаңғымен сырғанау), Эритрея (Альпі шаңғымен сырғанау), Косово (Альпі шаңғымен сырғанау), Малайзия (Фигуралық коньки), Нигерия (Бобслей және Скелетон) және Сингапур (Short Track Skating) спортшылары.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан спортшылары Олимпиадаға 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен сынға түседі. Ақ Олимпиаданың ресми ашылу салтанаты 9 ақпанда, ал жабылу кеші 25 ақпанға жоспарланған.