«Ы.Алтынсарин-2015» республикалық пәндік олимпиадасы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 27 ақпан күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен еліміздің 7 облысында мектеп бітірушілер арасында республикалық «Ы.Алтынсарин-2015» пәндік олимпиадасы өтеді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметінен хабарлады.
Оқу орнының басшысы Динар Нөкетаеваның бастамасымен осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған білім сайысының басты мақсаты - мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмектесу, дарынды оқушыларды айқындау, жастар арасында іргелі ғылыми білімді дамыту, білімді жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына көмектесу, дарынды талапкер қыздарды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне шақыру болып табылады. Олимпиаданың бірегей ерекшелігі - оған тек қана қыз балалар қатысады. Биыл да олимпиада сегіз пән бойынша: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы және химия пәндері бойынша өткізіледі.
Олимпиада Алматы қаласында; Алматы облысының Талдықорған, Жаркент қаласы мен Райымбек ауданының Кеген ауылында; Жамбыл облысына қарасты Тараз қаласы мен Қордай ауданында; Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қаласында; Қызылорда облысының Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Қызылорда қаласында; сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының Семей және Өскемен қаласында және Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында; сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында және Атырау қаласында өтеді. Қазіргі уақытта олимпиадаға қатысуға тілек білдіруші оқушыларды тіркеу жалғасуда. Айта кетейік, ниет білдірушілер ҚазМемҚызПУ сайтында тіркеле алады және олимпиада туралы толық мағлұматпен Қыздар университетінің сайтынан таныса алады www.kazmkpu.kz. ).
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер наурыз айында анықталып, марапатталады. Олимпиаданың әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы таңдаған пәні мамандығына сай келген және ҰБТ-ға қажетті өту балын алған жағдайда шәкіртақысыз университет ректорының грантына ие болады. Ал, жүлделі орын алмағандарға, бірақ Олимпиаданың деңгейінен өткендерге ҚазМемҚызПУ-ға бірінші кезекте қабылдануға құқық беретін сертификаттар табыс етіліп, оқуға түсуге түрлі жеңілдіктер жасалады. Олимпиада жұмысының ең жоғары көрсеткіші - 100 балл.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы өткен «Ы.Алтынсарин-2014» олимпиадасына 3 000-нан аса мектеп бітіруші оқушылар қатысты. Оның 24-і Ректор грантына ие болса, 10 пайыздық жеңілдікке 718 оқушы ілікті.
Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде, жеңімпаз атанған 11 сынып оқушыларымен қатар, сапалы білім берген пән мұғалімдері, сондай-ақ, аймақтарда олимпиаданың өтуіне жағдай жасаған аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары қызметкерлері Ректордың алғысхатымен марапатталады.