Ядролық физика мамандары Ресеймен бірлесіп даярланбақ
sp;АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ядролық физика» мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төртжақты құжатқа Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым, Дубнадағы Табиғат, қоғам және адам халықаралық университетінің басшысы Дмитрий Фурсаев, «Ядролық зерттеулердің біріккен институты» халықаралық үкіметаралық ұйымының директоры Алексей Сикосян және «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Қайрат Қадыржанов қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес «Ядролық физика» мамандығында оқитын бакалавриат және магистратура мамандарын даярлап, оқудың соңында оларға қос диплом беру қарастырылған.
«Дубна университеті үшін бұл білім беру саласындағы алғашқы жоба болып табылады. Сондықтан біз Еуразия ұлттық университетімен рәсімдеп отырған осы меморандумның негізінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуды жаңа сатыға шығарамыз деп сенеміз. Осы құжат аясында кәсіби әрі білікті маман даярлауды қолға алмақпыз», - дейді Дубнадағы Халықаралық университетінің ректоры Дмитрий Фурсаев.