«Ядролық қарусыз әлем» байқауының жеңімпаздарын Нагасаки қаласының мэрі марапаттады

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада «Ядросыз әлем үшін» атты мектеп оқушыларының шығармалары мен суреттерінің республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

«Ядролық қарусыз әлем» байқауының жеңімпаздарын Нагасаки қаласының мэрі марапаттады

Шара барысында «Ядролық қарусыз әлем үшін форумы» атты ауқымды жиынға қатысу үшін келген Нагасаки қаласының мэрі Тимихиса Тауэ жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етті. Байқауға қатысушылар өз туындыларымен барлық қазақстандық оқушылардың ядролық қаруға деген теріс көзқарастарын білдіргендігін баса айтқан ол: «Бүкіл қазақстандықтар мен қазақстандық балалар атом қаруы адам денсаулығына және адамзат қауіпсіздігіне қаншалықты әсер ететіндігін біледі», - деді.

Сонымен қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік шығарма» аталымында бірінші жүлде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданына қарасты Айнабұлақ ауылының орта мектеп оқушысы Ақмарал Манаповаға бұйырды. Ал екінші, үшінші орындарды алматылық Дінислам Бекқалиев пен шығысқазақстандық Жайнар Назымқызы бөлісті.

«Үздік сурет» аталымында бас жүлде Тараз қаласының 2 сынып оқушысы Санжар Бегайдаровқа бұйырды. Қостанай облысы Жетіқара қаласының оқушысы Жанат Темірханов екінші, қарағандылық Мұхтар Серіков үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ шара барысында жұмыстары қазылар алқасының көңілінен шыққан бірқатар оқушы ҚР Сыртқы істер министрінің құрмет грамотасымен марапатталды.