«Ядролық тажалға қарсы қозғалыстың көшбасшысы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 16-сы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ядролық тажалға қарсы қозғалыстың көшбасшысы» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше Ош қаласында өз жақтаушылары алдында сөз сөйлемек болған Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиевтің ойға алғаны іске аспапты. Жергілікті драма театрының алдына жиналған жұрт президенттің жақтастарына қарсылық білдіріп, мұның арты тағы бір үлкен қақтығысқа ұласа жаздаған. «Бұл жағдайда Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде саяси тұрақсыздықты реттеуді өз мойнына алуына тура келді. АҚШ және Ресей басшыларымен кеңесе отырып, ресми Астана кеше Жалал-Абадқа арнайы ұшақ жіберіп, Бакиевті туған-туыстарымен Қазақстанға жеткізді», деп жазады басылым. Бауырлас қырғыз еліндегі соңғы оқиғалар төңірегінде басылымда жарық көрген «Бакиевті Қазақстанға әкелу - Қырғызстанда азамат соғысын болдырмаудың жалғыз амалы» деген мақаладан егжей-тегжейлі мағлұмат аласыздар.

«Арысы ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздігіміздің, берісі ару қаламыз Алматының символына айналған ілбіс жойылудың аз-ақ алдыда тұрған сыңайлы», деп дабыл қағады «Алаш айнасы» газеті. Дерек көздері аса бағалы теңбіл терісіне бола тұқымы тұздай құрып бара жатқан осы бір түз тағысының елімізде 100-120-сы ғана қалғанын алға тартады. Осылайша құлқын құлына айналғандардың кесірінен ілбіске түп-тұқиянымен жойылып кеткен Тұран жолбарыстарының тағдырын құшу қауіпі төніп тұр.

Ақсу ауданындағы су басқан елді мекендердің отбасынан шыққан студенттерге де апат оңай тиген жоқ. Әсіресе елміздегі жоғары оқу орындарының ақылы бөлімінде оқитын студенттердің жағдайлары ойлантарлық. «Алаш айнасы» газетінің хабарлауынша, осы мәселеге байланысты Алматы облысының әкімдігі ҚР Білім министрлігімен және ЖОО басшыларымен келісім жүргізген. Соның нәтижесінде, тасқын шайып кеткен ауыл студенттеріне оқу ақысын төлеу жыл соңына дейін шегерілетін болыпты.

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздің жөніндегі жаһанық саммитке қатысып келуіне орай «Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде бірқатар еліміздің және шетелдің көрнекті қоғам қайраткерлерінің пікірлері берілген.

Мәселен ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы басылымда жарық көрген мақаласына «Ядролық тажалға қарсы қозғалыстың көшбасшысы» деген тақырып беріп, «Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Президент Н.Назарбаев дәл осындай тұлға ретінде қатысты. Б.Обама мен басқа да әлемдік лидерлер тарапынан Елбасымызға көрсетілген айрықша құрмет қазіргі заманғы халықаралық қатынастарда да, біздің мемлекетіміздің тарихында да ерекше оқиға болып отыр», дейді. Ал ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перен де Бришамбо «Қазақстан Президенті Орталық Азияда тұрақтылық орнатуда аса маңызды рөлге ие және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне айрықша үлес қосты», деген пікірін білдірген. Бұдан да басқа Елбасы атына айтылған ізгі ой-пікірлерді басылымның жұма күнгі нөмірінен оқи аласыздар.

«Шешенстандағы лицейге Елбасының есімі берілді». «Айқын» газетінің жазуынша, Грозный қаласындағы №1 лицейге Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың Жарлығымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген. Салтанатты шараға қатысқан сол елдің басшысы Р.Қадыров «Біздің еліміз қиын да күрделі кезеңді басынан өткеріп жатқан шақта Нұрсұлтан Назарбаев Шешенстан Республикасына алғашқылардың бірі болып қол ұшын беріп, ағалық қамқорлық көрсетті. Грозный қаласы тас-талқан боп қирап қалған сол бір шақта Назарбаевтың ұйғарымымен біздің елге бөлінген қаржыға көпқабатты тұрғын үй салынды. Мұндай азаматтық көмекті шешен халқы ешқашан ұмытпайды», депті.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Бейбітшілік көшбасшысы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. баылымның жазуынша, жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне арналған саммит барысында Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қауымдастық мойындады, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілді. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік осы сапардан үлкен абыроймен оралды. Халықаралық аренадағы Қазақстан беделін асқақтатып қайтты. Егер Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері көп қырлы бейбітсүйгіш сыртқы саясаты тұрғысынан әңгіме қозғайтын болсақ, ата-бабамыздың сан ғасырлық аңсаған арманындай көгілдір түске бөленген көк байрағымыз Солтүстік жарты шардың алып мемлекеттеріне желкілдеп барып, желбіреп қайтты деп жасқанбай айтуға болады. «Жаһандық қауіпсіздік мәселесіне арналған саммиттің бірінші сессиясында Елбасына алғашқылар қатарында сөз берген тұста АҚШ Президенті Барак Обаманың өзі Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел деп атап, Елбасының осы саладағы және мемлекет басқарудағы қызметін жоғары бағалады. Әрине, алып елдің басшысы мұндай бағаны бекерден-бекер бермегендігі түсінікті», деп жазады басылым.

Елбасының АҚШ-қа сапары жайында «Казахстанская правда», «Известия-Казахстан», «Литер» басылымдарынан да егжей-тегжейлі оқуға болады.

Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінде осы алқалы жиын арқау болған тағы бір көлемді мақала «Ол елдің аты - Қазақстан, ол ердің аты - Нұрсұлтан» деген тақырыппен жарық көрді.

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бірқатар кездесулер өткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі өрістету перспективалары талқыланды. «Премьер-Министр ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Қазақстанды жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ жұмысын бастаған Кеден одағы нарығының кеңеюі қазақстан-израиль сауда экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылының әлеуетін елеулі арттыратынын атап көрсетті, деп жазады басылым. Сондай-ақ осы күні Үкімет басшысы Түрік Респуликасының мемлекеттік министрі Зафер Чаглаянмен, Француз Республикасы Парламентінің Сенаты жанындағы қаржы комитетінің төрағасы Жан Артюс бастаған француз парламенттік делегациясымен кездесу өткізген.

Кеше, сәуірдің 15-інде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Бакиевтің Қырғызстаннан кеткендігі туралы мәлімдеме жасаған. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланған мәлімдемеде: «Бүгін, 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің бірлескен күш-жігері, сондай-ақ ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның белсенді араағайындығы нәтижесінде Қырғыз Республикасының Уақытша үкіметімен және Президент Қ.С.Бакиевпен соңғысының елден кетуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі кезде Қ.С.Бакиев Қырғызстан аумағын тастап шықты. Бұл елдегі ахуалды реттеу және оның құқықтық арнаға оралуы азамат соғысына орын бермеу жолындағы маңызды қадам болды. Қырғызстандағы бүкіл халықтың мүддесі жолында біз елдің барша саяси күштерін тездетіп тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін қалпына келтіруге, барынша өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге шақырамыз», делінген.

***
«Келесі аптада Корея Президенті Ли Мен Бактің шақыруы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапар жасайды. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жағдайы мен болшағын талқылау жоспарланған», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Н.Назарбаев сапардың алғашқы күні Қазақстанның Кореядағы жылының ашылу салтанатына қатысады. Сондай-ақ сапар барысында Қазақстан-Корея бизнес-форумы ұйымдастырылып, екі елдің мемлекеттік органдары мен компаниялары арасында бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.