«Ядролық технология паркі» АҚ басшылығы ұтқыр технология кешенін құрудың орнына бюджет қаражатын ұрлаған

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - «Ядролық технология паркі» АҚ-ның басшылық қызметкерлері бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды.

«Ядролық технология паркі» АҚ басшылығы ұтқыр технология кешенін құрудың орнына бюджет қаражатын ұрлаған

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау барысында Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті.

Комитет төрағасының айтуынша, қаржы активтерін сатып алуға бюджет қаражатын ойланбастан бөлу мәселесі әлі күнге дейін орын алып келеді. Бұл қаражат алушылардың оларды пайдалану кезінде қаржы тәртібін бұзуға жағдай жасайды.

«Мәселен, «Ядролық технология паркінің» инфрақұрылым нысандарын салуға және қайта жаңартуға 1,4 млрд. теңге бөлінген. Есепті кезеңде осы акционерлік қоғам қаражаттың тек 387 млн. теңгесін ғана, яғни қаржының 28 пайызын ғана игерген. Ал игерілмеген қаражаттың едәуір бөлігі екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде жатыр. Ал бір бөлігі, нақтырақ айтсақ 50 млн. теңгесі парктің басшы қызметкерлері тарапынан ұрланғаны анықталды»,- дейді О. Өксікбаев.

Оның айтуынша, аталған жағдайдың салдарынан ұтқыр технология кешені құрылмаған, инженерлік-коммуникация және кірме жолдар салу шаралары іске асқан жоқ.