«Ядросыз әлем құру - адамзаттың аңсарлы арманы» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ядросыз әлем құру - адамзаттың аңсарлы арманы» - республикалық басылымдарға шолу

***

Қазақ елі дүние дидарында тағы бір тамаша бастамасымен танылды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық форумда Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация қабылданды. Құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ядролық қарусыздану және таратпау үдерісіне қосқан орасан зор үлесі мойындалған. Осы алқалы жиын жайындағы көлемді мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Ядросыз әлем құру - адамзаттың аңсарлы арманы» деген тақырыппен берілген. «Жиырма жыл бұрын әлемде бірінші болып біз өз жеріміздегі ядролық полигонды жаптық. Қырық жылға созылған сынақ кезінде 450-ден астам жарылыс жасалса, соның ішінде 120-дан астамы атмосферада жасалды. Олардың жи­ынтық қуаты 2,5 мың Хиро­си­ма­ны жойып жіберуге жеткілікті еді», - деді Елбасы форум барысында сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар осы басылымда "Ядросыз әлем үшін" форумының қорытындысына орай қатысушылар қабылдаған Астана декларациясы жарияланды. Аталған құжатта: «Біз ядролық қарудың толық жойылуына қол жеткізу бойынша ниетіміздің дәлелі бола алатын Ядролық қарусыз әлем жалпыға бірдей декларациясын қабылдауды қолдаймыз. Біз азаматтық қоғамды - ұйымдар мен индивидуумдерді қарусыздану саласында білім беруге және оның идеяларын ілгерілеуге қатысуға шақырамыз», - делінген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовпен арадағы сұхбат «Біз ұлт ретінде ұйыса алмай отырмыз» деген тақырыппен берілген. Ұлттық мүдде, тіл, қазақтың жер-су атауларына қатысты өрбіген сұхбат барысында басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Ауруын жасырған өледі» дейді, мүлт кетіп жатқан тұстарымыз да аз емес. Кезегін күтіп тұрған шаруалар бастан асып жатыр. «Құр қазақпын» деп кеуде қаққаннан ештеңе шықтпайды. Еліміз гүлденсін, ұлтымыздың бағы жансын десек, біз бәсекеге қабілетті болу жағын көп ойлауымыз керек», - дейді.

***

Әрбір жанның басты арманы - «өз үйі - өлең төсегі». Сондықтан да баспана басты мәселе болып отыр. Бірі қалай «баспанаға қол жеткіземін», деп қайғырса, екіншісі, ескі баспананы не істерге білмей, есі кетіп жүр. Ел Үкіметі де қарап отырған жоқ, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңартудың мемлекеттік бағдарламасын қабыдады. Бағдарлама аясында ескі үйлерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Әрине, тегін емес. Шығынды пәтер иелері пәтердің шаршы метріне қарай ай сайын, жеті жыл бойына төлейтін болады. Алайда ескі үйлер мәселесі ескерілгенімен, аппатты жағдайда тұрған үйлер мәселесі ашық тұр. Осы жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінде «Апатты үйлер алаңдатып тұр» деген тақырыппен берілген.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев «Ядросыз әлем үшін» ха­лық­ара­лық форумы ая­сында бір­қа­тар екіжақты кез­десулер өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мемлекет басшысы МАГАТЭ-­нің Бас дирек­то­ры Юкия Аманомен кездесуінде тараптар екіжақты өзара іс-қи­мыл­дың жай-күйі мен перспек­тиваларын және ха­лықаралық фо­­румның күн тәртібін талқы­лады. «Қазақстан - бұл өзге елдер үшін үлгі. Мен Нұрсұлтан На­зарбаевтың бар­­лық бастамасын қолдаймын. Сіз­дердің Пре­зи­дент­теріңіз қазірдің өзінде адамзат ядролық қарусыз әлемге жа­қын­дауға тағы бір қадам жасауы үшін өте көп жұмыс жасады. МАГАТЭ Қазақстанды барлық кез­де, соның ішінде ядролық энер­гетиканы бейбіт дамытуда қол­дай­тын болады», - деп атап өткен Ю.Амано.