Якутияда Ил-76 ұшағы апатқа ұшырады, экипаждың 11 мүшесі қаза тапты
АСТАНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат - Якутияда РФ Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскеріне қарасты Ил-76 ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша РФ Қылмыстық кодексінің 351-ші бабында қарастырылған қылмыстың белгілері - ұшу немесе оған дайындық ережелерін бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалды,
деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Якутия прокуратурасының тергеу басқармасынан хабарлағандай, Ил-76 ұшағы құлаған жерде, Мирный әуежайының ұшу алаңынан 2,5 шақырымдай қашықтықта тергеушілер «қара жәшіктерді» тауып отыр. Жедел тергеу тобы оқиға орнында жұмысын жалғастыруда. Апат қарашаның 1-і күні таңертең әуежайдан 2,5 шақырымдай жерде болған. Оқиға салдарынан борттағы барлық 11 адам - негізгі экипаждың 7 мүшесі мен қосымша экипаждың төрт мүшесі опат болды.
Ил-76 экипажы Мирныйға жүк жеткізген және Солтүстік-Кавказ аймағындағы ішкі істер органдарының жеке құрамын ауыстыру үшін жоспарлы ұшуды іске асыруы керек болатын. Апат ұшақ Мирныйдан көтерілген кезде орын алды.