Якутск қаласында бильярдың «Еркін пирамида» түрінен әлем чемпионаты өтеді
АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Саха Республикасының Якутск қаласындағы «Триумф» спорт орталығында 18-21 қыркүйек күндері бильярдтың «Еркін пирамида» түрінен ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты өтеді. «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындар дирекциясы ұйымдастырып отырған бұл додаға 18 судья төрелік жасамақ.
17 қыркүйек күні жеребесі тартылатын бұл чемпионаттың жүлде қоры ерлерде - 100 мың, әйелдерде - 30 мың АҚШ долларын құрайды. Ақтық сында жеңімпаз атанған ерлер арасындағы Әлем чемпионы 20 мың, күміс жүлдегер 14 мың, қола жүлдегер атанған 2 спортшы 7 мың доллар алады. Ал әйелдер арасындағы Әлем чемпионы 8 мың, күміс жүлдегер - 5 мың, қола жүлдегер атанған қосыспортшы - 3 мың доллардан иеленеді.
Пирамидалардың халықаралық конфедерациясына мүше елдерден оған ерлер арасында - 128, әйелдер арасында - 64 тастаяқшы қатыспақ. Атап айтқанда, Белорус, Ресей, Украина елдері ерлер арасында да, әйелдер арасында да төрт-төрттен, Қазақстан ерлер арасында - 4, әйелдер арасында - 2, ал Қырғызстан мен Финляндия ерлер арасында - 3, әйелдер арасында - 2 спортшы жібере алады. Олар 2013 жылғы Әлем чемпионатында «Құрастырмалы пирамидадан» 32, «Қозғалмалы пирамидадан» 24 және 2012 жылғы Әлем чемпионатында «Еркін пирамидадан» ерлерде 32, әйелдерде 16 спортшының қатарына енгендер мен «Құрастырмалы пирамида», «Қозғалмалы пирамида» бойынша жүлдегерлер болуы тиіс. Сондай-ақ ұлттық федерациялар 2013 жылғы Мәскеу мэрі кубогының, «Лонгони» кубогының және Украина тәуелсіздігіне арналған Одесса облысы губернаторы кубогының чемпиондарына қосымша орын ала алады.