Яна Легкодимованы өлтірудің 20-дан астам әдісін ойластырған: кінәлілердің үкімі өзгеріссіз қалды

АТЫРАУ. KAZINFORM. — Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Яна Легкодимованы өлтіргендер Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовтың апелляциялық шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Яна Легкодимованың соты
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Сотта Ризуан Қайыржановтың адвокаты мен әкесі сотталушының өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын шекті мерзімге ауыстыруды сұрады. Ризуан Қайыржановтың адвокатының сөзінше, айыпталушы Яна Легкодимованың нөмірін бірнеше рет бұғаттап тастаған. Яна Легкодимованың тарапынан хабарлама арқылы Қайыржановқа қысым көрсетілген дейді қорғаушы. Ал әкесі жазаны жеңілдетуді сұрап, елдің басқа өңірінде болған қылмыстық істерге берілген жазаларға мысал келтірді.

— Егер Ризуан соншалықты қатыгез қылмыскер болса, мүрдені жасырған жерін айтар ма еді?! Сондай-ақ алдын ала дайындалды деген тұжырымға қайта баға беруді сұраймын. Қылмыстық оқиға нәтижесі екі айыпталушының жазған хабарламаларымен толық сәйкес келмейді. Олардың жазбаларында мүрдені жасыру орны, яғни Талдыкөл ауылы туралы бірде бір сөз жоқ. Сөйлесу барысында нақты жоспарға тоқталмаған.Тек нұсқаларын пысықтаумен шектелген. Бұдан бөлек жәбірленуші өз еркімен пәтерге барған. Жәбірленуші өз еркімен үйіне қайта келген. Қолында телефоны болған, яғни көмекке шақыру мүмкіндігі болған. Екеуі жәбірленушіні өлтіруді алдын ала жоспарлап жүрген болса, қылмыстық пиғылдарын адам көзінен тыс жерде, яғни пәтерде толықтай іске асыруға мүмкіндіктері болды. Бірақ іс материалдарынан және Ризуанның жауабына сәйкес оның ойы мен әрекеті көлік ішінен кейінгі жанжалдан пайда болған, — деді Ризуан Қайыржановтың әкесі.

Ал Алтынбек Катимовтың адвокаты мен әкесі іс материалдарында ақша төленгенін дәлелдейтін нақты айғақ жоқ деп есептеп, қорғауындағы адамға «кісі өлтіруді жалдау» айыбын тағу негізсіз деп пікір білдірді.

Отырыста сөз алған жәбірленуші тараптың адвокаты Самат Әуовтың айтуынша, 2024 жылдың 8 қазанынан бастап Катимовтың Атырау қаласына келуіне дейінгі хат алмасуларда қылмысты жүзеге асырудың түрлі тәсілі ашық талқыланған. Мысалы, подъезде балғамен соғу, өлтіріп, көміп тастау секілді 20 нұсқаны сөз еткен.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Самат Абуов Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовтың бір-біріне жазған хабарламаларын оқыды. Ризуан Қайыржанов Алтынбек Катимовтан адам өлтіру үшін қанша теңге сұрар едің деген сауал қояды.

— Ризуан: Егер мен саған 500 мың теңге төлесем…
— Алтынбек: Маған ауди сатып алып берсең, 2 метрге көміп тастаймын.

Яна Легкодимованың соты
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Адвокат Янаны іздеу шараларына да назар аударды. Ресми мәлімет бойынша, қазан айынан бастап іздеу жұмыстарына Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, полиция, еріктілер, сүңгуірлер мен арнайы техника тартылған. Алайда марқұмның денесін 8 айдан кейін, 20 маусым күні Жайық өзенінің жағасына демалуға шыққан азаматтар тапты. Олардың сүйек бөліктері Жайықтан 15–20 метр жерде ашық аумақта жатқан. Сондай-ақ, табылған орын өзенге тасталған нүктеден шамамен алты шақырым төмен орналасқаны айтылды. Сүйектердің ұзақ уақыттан кейін су баспайтын аумаққа қалай шыққанына қатысты сұрақтар бар.

— Қылмыс 19 қазан күні болған. Оларды 21 қазан күні қамады. Арада үш күн өтіп кетті. Екеуі Янаны өзенге лақтырып жібергеннен кейін үш күн ішінде мүмкін оларға біреу көмектесіп, денені алып шығып, басқа жерге апаруы ықтимал. Данияр Ердешов деген куәгер болды. Ол Ризуан Қайыржановтың жездесі. Ол сол уақытта әкімдікте жұмыс істеді, бұрын тергеуші болған. Яна жоғалған бойда мен қызымның күнделігі арқылы Ризуан Қайыржанов туралы біліп, барлық мән жайды полиция қызметкерлеріне айттым. Ризуан өзінің жездесі Данияр Ердешовпен полицияға келген. Кейін оларды босатып жіберген. Мен мұны мүлде түсінбедім? Ризуан Қайыржановты тым болмаса 24 сағат ұстамады?!, — деді марқұмның анасы Галина Легкодимова.

Галина Легкодимова сотталғандардың әкелеріне үндеу жасап, олардың балаларымен кездесуге бар мүмкіндіктерінің өзінде жоқ екенін айтты.

— Олар менің жалғыз балам барын білді. Ештеңе тоқтата алмады. Қызымды өлтірді, онымен бірге мені де өлтірді. Сол күннен бері мен өмір сүріп жатқан жоқпын, тек бармын. Біз денсаулығымыздан, жүйкемізден айырылдық. Бір жыл төрт ай өтсе де, біз үшін бұл бір күндей ғана. Туған күндерді, мерекелерді тойламаймыз, — деді ол.

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уалиева сотталған Катимовтың жәбірленуші Легкодимованың телефонын жоюға қатысы жоқ екені туралы апелляциялық шағымдағы уәжі негізсіз деп танылғанын мәлімдеді. Себебі сотта зерттелген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде алынған абоненттер арасындағы байланыстар туралы мәлімет Катимовтың қылмыс жасалған сәтте де, қылмыстан кейін телефон жойылған кезде де Қайыржановпен бірге болғанын растады. Бұл олардың әрекеттерінің келісілгенін дәлелдеген.

— Сотталғандардың қылмыстың жалдау арқылы жасалғаны жөнінде дәлелдер жоқ деген уәждері де сот отырысында зерттелген хат алмасулармен теріске шығарылды. Аталған жазбалар сотталғандар арасында 500 мың теңгеге кісі өлтіру туралы әңгіме болғанын көрсететін объективті дәлелдеме ретінде есептеледі, —деді Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уалиева.

Сот алқасы сотталғандардың қылмысқа мұқият дайындалғаны, кісі өлтірудің 20-дан астам тәсілін ойластырғаны анық көрінетінін айтты. Сонымен қатар, кісі өлтіруге елеулі себеп немесе нақты уәж болмағаны байқалады. Жәбірленуші тарап та қылмысқа түрткі болған нақты мотивтің болмағанын атап өтті.

— Сотталғандардың қылмыстан кейінгі әрекеттері — болған оқиғаны мейрамханада сыра ішіп талқылап, ұзақ уақыт бірге отыруы — қылмыстың салқынқанды әрі циникалық түрде жасалғанын аңғартады. Аталған мән-жайлар бұл қылмыстың және сотталғандардың қоғамға қауіптілік дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді. Осыған байланысты жаза да өзгеріссіз қалдырылды, — деді сөз соңында Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уалиева.

Еске салайық, 2024 жылдың қазан айының 18-і күні Яна Легкодимова үйінен шығып кетіп, оралмады.

8 айдан кейін оның денесі Жайық өзенінің Талдыкөл ауылының тұсындағы жағасынан табылды. Оның денесін сол аумаққа демалысқа барған отбасы тауып алған еді.

Процес кезінде Қайыржанов пен Катимовтың, марқұм мен Қайыржановтың арасындағы хабарламалар оқылды. Тергеу материалына сүйенсек, Қайыржанов Янаны көліктің ішінде қылқындырып өлтірген. Ал Катимов машинаның сыртынан есікті жауып, Янаның шығуына мүмкіндік бермеген. Өлтіргеннен кейін Face ID арқылы Янаның телефонын ашып, хабарламаларды кетіріп, кейін денесін Жайыққа лақтырып жіберген. Іске төрелік еткен судья сол кезде Янаны айыпталушылар пайдакүнемдік ниетпен өлтіргенін айтқан еді. 

Осыған дейін айыпталушылардың сот кезінде айтқан сөздері мен жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Абдил бұл қылмыс кездейсоқ жанжал емес, жүйелі сипаттағы әрекет екенін айтқаны туралы жазған едік.

Сонымен қатар, бұл істі тергеген Темірхан Қажмұратовпен сұхбаттасып, істің мән-жайын хабардар еттік. 

2025 жылдың 17 қарашасында Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылып, сот шешімімен Қайыржанов пен Катимов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтарында көзделген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум