Яндекс такси бағаны негізсіз көтеріп отырады - Astana taxi serviсe
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы таксопарктер өз тапсырыстарын дер кезінде орындай алмайды. Себебі көлік жүргізушілері Яндекс такси сияқты қызметтердің қымбат тарифтерімен жылдам пайда тауып, сонымен таксопарктің күнделікті жарналарын жауып тастауға тырысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Astana taxi serviсe» ЖШС бас директоры Олег Фатюхиннің айтуынша, бүгінде таксопарктерде ресми түрде жұмыс істейтін көлік жүргізушілері аз емес, тапсырыстар да баршылық. Алайда көлік жүргізушілері өз тапсырыстарын көп ала бермейді. Себебі Яндекс таксидің тапсырысын ала салған тиімді.
«Мәселен, біз 500 теңгеге апаратын жерге Яндекс такси 1200-ге барады. Әрине, ондай тарифті көрген көлік жүргізушісі бірден өз тапсырыстарын ысырып қойып, аталған қызметке қосылады. Ол жақта ешкімді тексермейді. Қоңырау шалса, жеткілікті. Көлік жүргізушісін тіркей салады», - деді О.Фатюхин Астана қаласы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, таксопарктің тапсырысынан бас тартқан көлік жүргізушілерін ұстау қиын. Олар мың бір сылтау табады. «Дөңгелегім жарылып қалды», - дейді де, Яндекс таксидің тапсырысын алып кете береді. Бүгінде Астанада ресми таксопарктер нарықтың аз ғана мөлшерін алып отыр. Қалғаны көлеңкелі бизнеске айналып кетті.
«Яндекс такси бір жерге кірсе, бірден монополияны орнатады. Мәселен, Мәскеу немесе Санкт-Петербургке кірді де, бүкіл нарықты басып алды. Бұл жерде бір мәселені ескеру керек, олар қосымша ақы төлейді. Оны инвесторлар мен биржадан түскен қаржымен өтеп отырады. Алдымен нарыққа кіріп алады, одан кейін бағаны негізсіз көтеруге кіріседі. Қазір Астанада тура сондай жағдай болып отыр. Олар келді де, арзан тариф қойды. Клиенттерді жинап алды. Бірақ көлік жүргізушілеріне қосымша ақыны өз қалтасынан, жаңағы инвесторлар мен биржадан түскен ақшадан төлеп отырады. Ал ресми таксопарктер олай істей алмайды. Сөйтіп, нарықты басып алғаннан кейін бағаны көтеріп тастайды. Қазірдің өзінде сезіліп отыр. Қарбалас уақытта Яндекс такси сұмдық қымбат алады. Көлік жүргізушілерін ешкім бақыламайды, қауіпсіздікті бақылайтын ешкім жоқ», - деп атап көрсетті О.Фатюхин.