Ярослава Шведова Германия теннисшілерінің мүмкіндігі туралы айтты

Оның айтуынша, Билли Джин Кинг кубогының іріктеу сайысына Андреа Петкович келмесе де, Германия құрамы жақсы жасақталған.
«Қазіргі кезде дайындық қызу жүріп жатыр. Командада көңіл-күй жақсы. Матчты асыға күтудеміз. Біздің құрама мүшелері жас. Бәрі де – түрлі жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүрген кәсіпқой теннисшілер. Сондықтан кім тәжірибелі, кімнің тәжірибесі аз дейтіндей айырмашылық жоқ. Бәрінің де күшті жақтары бар, жетілдіретін тұстар да жоқ емес. Командалық жарыстың өз ерекшеліктері бар. Мұнда рейтингіге қарамайды, кез келген теннисші қарсыласын ұта алады. Германияның бірінші ракеткасы мықты, рейтингі бойынша екінші тұрған теннисшісі де осал емес. Көптен ойнап келе жатқан тағы екеуі және бар. Сондықтан бәріне дайын болуымыз керек», деді Ярослава Шведова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің әлем чемпионатының іріктеу кезеңін жеңіспен бастағанын, Александр Бубликтің «Үлкен дулығаның» үш дүркін чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы Германиямен өтетін матчқа дайындалып жатыр.