Ярослава Шведова ресейлік Елена Веснинаға қайта есе жіберді
АЛМАТЫ. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Австралияның Хобарт қаласындағы Дэмейн теннис-орталығында өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалына шыға алмады.
Шведова Кеше өткен бірінші айналымда испаниялық Лурдес Домингес-Линодан 6:4, 6:1 есебімен басым түскен болатын. Бүгін, ширек финалдық жолдама сарапқа салынған екінші айналымда ресейлік Елена Веснинадан алғашқы сетте 6:4 есебімен басым түскенімен, одан кейінгі 2 сетте 2;6, 1:6 есебімен жеңіліс тапты. Соның нәтижесінде жүлде қоры 235 мың АҚШ долларын құрайтын бұл жарыста Я.Шведова рейтингтік қоржынына 30 ұпай қосып, 3 100 доллар сыйақы алды.
Ярославаның жолын бұған дейін 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Жаңа Зеландияның Оклеанд қаласындағы Эй-Эс-Би теннис-орталығында өткен турнирде де Елена кескен болатын. Онда қазақстандық теннисші бірінші айналымда испаниялық Лара Аррубаррена-Весинодан 6:3, 6:2 есебімен басым түскен. Ал екінші айналымда ресейлік спортшыға 2:6, 3:6 есебімен есе жіберіп, 30 рейтингтік ұпай мен 3 100 долларды қанағат тұтқан еді.