Ясауи кесенесі аумағына шетел азаматтары үшін кіру билеттерінің бағасы өсті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағына шетел азаматтары үшін кіру ақысы 10 маусымнан бастап өзгерді.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мәліметінше, кіру ақысының жаңа мөлшері Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен бағалар тізбесіне сәйкес енгізілген.
— 2026 жылғы 10 маусымнан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағына, Ясауи музейі мен Сирек жәдігерлер залына кіру билеттерінің құны алыс шетел азаматтары үшін 5000 теңге, жақын шетел (ТМД) азаматтары үшін 2000 теңге болып белгіленді, — делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін шетел азаматтары үшін билет бағасы 2000 теңге, ТМД елдері азаматтары үшін 1500 теңге болған.
Ал Қазақстан азаматтары үшін билет құны өзгеріссіз қалды. Атап айтқанда ересектер үшін кіру ақысы — 1000 теңге, студенттер мен зейнеткерлер үшін — 500 теңге, мектеп оқушылары үшін — 300 теңге.
Сонымен қатар биылдан бастап бірқатар санаттағы азаматтарға тегін кіру мүмкіндігі қарастырылған.
Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар жандар мен бала кезінен мүгедектігі бар азаматтар (бір еріп жүрушісімен), Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, Ауған соғысының ардагерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері көпбалалы аналар, мектеп оқушылары тобын бастап келген бір мұғалім, туристік топтың бір гиді, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балалар бар.
Бұдан бөлек мектеп оқушыларына жазғы және тоқсандық демалыс кезеңдерінде кесене аумағына кіру тегін.
Бұған дейін Ясауи кесенесінің күмбезіндегі жағдайға байланысты министрлік түсініктеме берген болатын.