Ясауи кесенесі аумағында 20-дан астам бейнебақылау камерасы істемей тұр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында және оның қорғау аймағында барлығы 39 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Ясауи кесенесінің аумағын абаттандыру жұмыстары аясында қосымша 48 камера қойылған.
– Қазіргі таңда бейнекамералардың 27-сі жұмыс істеп тұр. Ал 21 камера жөндеуді қажет етеді немесе мүлде істен шыққан. Аталған құрылғылар Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі теңгерімінде, – делінген әкімдік ұсынған мәліметте.
Бұдан бөлек ішкі істер органдарының «Сергек» жүйесі арқылы орнатылған 7 бейнекамера жұмыс істеп тұр.
– Алдағы уақытта бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту және толықтыру жұмыстары қарастырылады, – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл 15 ақпаннан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағы қоршалып, келушілердің кіруі арнайы орнатылған екі турникет арқылы жүзеге асырыла бастады.