Ясауи кесенесі қарт адам сияқты тұрақты күтімді қажет етеді — министрлік

кесене
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ясауи кесенесі маңындағы жасыл желекті суғарғаннан оның ылғалы ғимаратқа жеткен. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — қасиетті әрі құнды дүние. Ежелгі техникамен, технологиямен салынған. Материалдары көнерген ескерткіш тұрақты бақылауды талап етеді және оны сақтау, қорғау — бірінші кезектегі мәселе. Соңғы жылдары кесененің төңірегінде жүргізілген белсенді құрылыс, абаттандыру жұмыстары оған әсерін тигізбей қоймады. Мәселен, жасыл желектің көбейіп, оны суғару жер қабаты ылғалдануының артуына сеп болған. Ал ол ылғал кесенеге де жеткен деген ғалымдардың негіздемесі бар», — деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, осы жұмыстың салдарынан кесененің қазандық бөлмесіндегі әлемде аналогы жоқ сталактиттердің жағдайына бақылауды күшейтуге тура келіп отыр. 

«Кесененің конструкциялық, техникалық жағдайын 24/7 режимде бақылап отыру үшін автоматтандырылған мониторинг орталығы құрылды. Кесененің жағдайын зерделеп, зерттеп отыру мақсатында еліміздің әртүрлі бейімдегі белгілі ғылыми-зерттеу институттары тартылады. Сонымен қатар қажеттілігіне орай шетелдік мамандардың да пікірлері тыңдалып жүр. Осы орайда оның жағдайына қатысты барлық мәліметтер арнайы серверге күні-түні түсіп отырады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қарт адам сияқты тұрақты күтімді, яғни ғылыми-реставрациялық жұмысты қажет етеді және ол жұмыс мерзімінде қамтамасыз етілуде», — деді министрліктен.

Соңғы жаңалықтар