Ясауи кесенесін енді полиция күзетеді: Мемлекет бұдан қанша қаржы үнемдейді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Премьер-Министр қаулысымен келер жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді. Бұл кесене күзетіне бөлінетін қаражатты қаншалықты үнемдейді? Аталған мәселені Kazinform тілшісі «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы басшылығынан сұрап көрді.
Жалпы, 2023 жылы күзет қызметіне республикалық бюджеттен 8 434 000 теңге қаржы қаралған.
Ал, сол жылы күзет қызметімен 10 897 262 теңгеге келісімшарт жасалып, қаржы төленген. Оның ішінде «ӘділетGroupSecurity» ЖШС-не — 1 897 280 теңге, «Семсер» күзет агенттігі» ЖШС-не — 8 999 982 теңге аударылған.
Биыл күзет қызметіне республикалық бюджеттен 8 375 232 теңге қаржы қаралған. Мекемелермен 15 363 838 теңгеге келісімшарт жасалып, қаржысы да төленіп жатыр.
Оның ішінде «Imperial Security KZ» ЖШС-не — 5 384 638 теңге, «Іскер» күзет агенттігі» ЖШС-не — 9 979 200 теңге.
— 2025 жылы күзет қызметіне қаралған қаржы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің келісімімен жұмсалады. Себебі ішкі істер органдарының бақылауына өтпеген басқа да нысандар бар. Олар — Қожа Ахмет Ясауи музейі, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының әкімшілік кеңсесі (бұрынғы Сапар орталығы), ХІХ ғасырдағы Гарнизон штабы ғимараты, Гаухар ана кесенесінің аумағы, Үкаша ата кесенесінің аумағы, — делінген «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директоры Мәулен Садықбеков ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынғанын жазған болатынбыз.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов осындай қаулыға қол қойды. Нысанның қауіпсіздігін бұдан былай ішкі істер органдарының қызметкерлері қамтамасыз етеді.