«Ясауи кесенесінің күмбезі құлағалы тұр» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Кеше Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар мінберінен сөз алған депутат Розақұл Халмұрадов үкіметбасына екі бірдей сауал жолдады. Оның біріншісінде Розақұл Сатыбалдыұлы Орталық Азиядағы теңдессіз тарихи жәдігер саналатын, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген, ғажайып сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның жазуынша, 1993-2000 жылдар аралығында Түркияның «Вакиф Иншаат» фирмасы кесенеде реставрация, күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда еліміздің құзіретті мекемелері әлгі фирманың жұмысын тиісінше бақылауда ұстамағанға ұқсайды. Кейіннен сапасыз атқарылған істің салдарынан кесене іргетасының гидроизоляциясы, бөлмелерінің желдетпе жүйелері сыр берген. Жазылған жайт туралы бүгінгі нөмірдегі «Ясауи кесенесінің күмбезі құлағалы тұр» деген мақаладан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, мемлекет қаржысын талан-таражға салды және қызметтік лауазымын асыра пайдаланды деген айыппен тағы бір лауазымды тұлға қамауға алынды. Құқық қорғау органдарының бұл жолғы қармағына Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі бастығының орынбасары Әлім Хасенов іліккен. Аталған шенеунікке қатысты қылмыстық іс тамыздың 23-і күні қозғалған. Тексеру барысында оның заставалар кешені мен шекара қызметінің басқа нысандарының құрылысы кезінде қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану арқылы мемлекетке ірі көлемде материалды шығын келтіргені анықталған.
Бүгінде еліміздегі мешіттерде имам болып жас та, жасамыс та қызмет етіп жатыр. Бұл, бір жағынан, ислам дініне жастарымыздың ниеті мен көзқарастарының дұрыс екенін көрсетеді. Алайда шариғат пен имандылықты уағыздау үшін, зайырлы мемлекетіміздің қазіргі талап-мүдделеріне сай, оң діни саясат ұстану үшін оң-солын танымаған діни қызметкерлердің еңбегіне сын көп тәрізді. Ел ішінде жастығының салдарынан елге қажетінше үлгі бола алмай отырған имамдар жиі кездеседі. Осыған орай «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Ой-көкпар» айдарында «Имамдар үшін жас мөлшерін белгілеу керек пе?» деген сауалды мамандар талқысына шығарып отыр. Филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы мен «Ақ орда» қозғалысы орталық кеңесінің мүшесі Дәулет Әбеновтердің аталған сауалға берген жауаптарын оқығыңыз келсе, басылымның бейсенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 томдық таңдамалы сөздерінің жинағы оқырманға жол тартты. Осы орайда кеше ел Президенті кеңсесінің бастығы, 20 жылдан астам уақыт бойы Елбасының қасында жүрген үзеңгілесі Махмұт Қасымбеков жетекші қоғамдық саяси басылымдар үшін арнайы брифинг өткізді. Аталған жайтқа орай «Айқын» газетінде «Қазақстан тарихында тұңғыш рет шығарылған еңбек» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, жинаққа Ұлт көшбасшысының жиырма жыл (1989-2009 жылдар кезеңі) бойындағы тұғырнамалық және бағдарламалық сипаттағы ең елеулі деген сөздері мен баяндамалары кірген. Басылым 7 кітаптан тұрады, оған Президент мұрағатындағы, Тұңғыш Президент мұражайындағы, Президент Әкімшілігі мен орталық меморгандар қорларындағы мұрағаттық құжаттарды, стенограммаларды және басқа да материалдарды, сондай-ақ отандық және шетелдік баспасөзде жарық көрген жарияланымдарды зерттеп-зерделеу нәтижесінде Н.Назарбаевтың 267 сөзі мен баяндамасы іріктеліп алынған.
Әдетте адамдар алдынан ит жүгіріп өтсе, оны жақсылыққа, ал қара мысық жүгіріп өтсе немесе ит ұлыса, оны жамандыққа жориды. Үйдің шатырына байғыз қонып, сұңқылдаса, оны кісінің ажалына көрінді деп, қатты үрейге беріледі. Осылайша өз-өзінен қорқып, шарасыздыққа салынып, психологиялық күйзелістің әсерінен паронойя дертіне шалдығатындар аз емес. Осындай ырым-нанымдарға асыл дініміз - ислам діні қалай қарайды? Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Пушкин қояннан қорыққан, ал сіз неден қорқасыз?» деген мақалаға назар аударыңыз. «Жоғарыдағыдай түрлі ырым-жырымдар исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірінде өте қатты дамыған. Исламның келуімен ғана бұған тыйым салына бастады. Жалпы, исламда не нәрсені болсын жамандыққа жоруға қатаң тыйым салынған. Яғни, дінімізде жамандыққа жору деген атымен жоқ. Пайғамбарымыз жоғарыдағыдай көріністерден үрейленуді имансыздықтың бір белгісі ретінде атап көрсеткен. Сахабалар бұлайша қорқуды Аллаға серік қосу, ширк, бидағат санаған», деп жазады басылым.
«VII қысқы Азия ойындарының бас демеушісі атанған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры байрақты бәсекеге осындай қаржы бөлетін болды. Жағымды жаңалықты Туризм және спорт министрлігінде өткен басқосуда «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-тың президенті А. Құлназаров пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың басқарушы директоры-басқарма мүшесі Қ.Әйтекенов қағазбен қаттап, мөрмен бекітіп үлгерді», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «3 миллиард теңге» деген тақырыптағы мақаласында. Ұйымдастыру комитетiнiң демеушiлiк пакетi аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниясының брэндiн алға жылжыту жолында Азия ойындарына дейiн де, оны өткiзу кезiнде де кең көлемде қызмет көрсетпек. Бас демеушi Азия ойындары өтетiн барлық негiзгi спорттық және қосалқы нысандарға ерекше ықылас танытуда. Бұл пакеттiң кереметтiгi - алға жылжыған бағдарламаның кешендi әрi мақсатты болуы.
***
«Астана өз аумағында «ЭКСПО» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға ниетті. Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес-Лоссерталестің пікірінше, шаһар-үміткерлер арасында ұйымдастырылатын конкурста елордамыздың мерейі үстем болуы әбден ықтимал. Бұл туралы ол әкімдікте Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуде мәлімдеді», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, елордамызда аталған халықаралық шараны өткізуге әзірлік әлден-ақ басталып кетті. Қажетті инфрақұрылымды жасақтау үшін инженерлік, коммуникациялық желілер жүргізу қолға алынуда. Бөлінген жердің аумағы - 120 гектар. Қажеттілік туындаған жағдайда одан да артық ауқым бөлуге мүмкіндік бар.
***
«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Қырғызстан Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отынбаева телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Сұхбаттасушылар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың достық қарым-қатынастағы мемлекет үшін ұсынылған Қырғызстанның экономикасын қалпына келтіру бағдарламасының жүзеге асырылуын талқылады. Әңгіме барысында Қырғызстанның қазіргі жағдайына, осы елде қазанның 10-ы күні болатын парламенттік сайлауға дайындық мәселелеріне ерекше назар бөлінді. Тараптар БҰҰ мен ЕО-ның арнайы мамандары Мирослав Енчей және Пьер Морелмен бірге Қырғызстан Республикасының басшылығымен бұл елге халықаралық қауымдастық тарапынан ары қарай көрсетілетін көмек бағыттары туралы жан-жақты кеңес беру шараларын өткізетін ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі, ҚР Парламент Мәжілісінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжановтың келесі аптада Бішкекке баратындығы туралы келісімге қол жеткізді.