Ясауи музейіне жұмсалған шығындардың негізділігі тексеріледі
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қожа Ахмет Ясауи музейіне жұмсалған шығындардың негізділігі тексерілетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Брифинг кезінде журналистер «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруы арқылы салынған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің неге әлі қолданысқа берілмей келе жатқанын сұрады.
Әкімнің айтуынша, нысан 2020 жылы қолданысқа беріліп, Түркістан қаласының әкімдігіне қайтарымсыз негізде табысталған. Бірақ ол кезде нысанның ішін әрлеу жұмыстары жасалмаған көрінеді. Осыған байланысты қала әкімдігі музейдің ішін толықтыру жұмыстарын жоспарлаған. Қазір нысан әлі жабық тұр.
«Ол нысанға өзім де бас сұқтым. Осы мәселенің анық-қанығына жеткім келеді. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір шығындардың негізділігі туралы мәселенің байыбына барғым келеді. Шешімді содан кейін қабылдаймыз. Басқа нысандармен байланысты да дәл осы сияқты мәселелер бар: өзен жағасын бекемдеу бойынша да, электрокар бойынша да, сапар-орталық бойынша да, монша кешені бойынша да, Неке үйі бойынша да», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол істің материалдары құқық қорғау, органдарына берілгенін айтты. Ал ол органдар ішкі аудит қызметін іске тартып, нысандарға жұмсалған шығынның негізділігін тексереді.
Бұған дейін Түркістанға турист тарту үшін салынған сарап орталығының жеке компанияның сенімгерлік басқаруына өткені мәлім болған.
«Менің ойымша, ол кезде нысанды күтіп ұстау шығындарына бюджеттен ақша шығындағылары келмеген шығар. Ол жеткілікті деңгейде қызмет істеп тұрмағанын көргеннен кейін әлгі жеке компаниямен жасалған келісімді бұзу туралы шешім қабылданды. Біз тіпті сотқа барып тұрып, ымыралы келісім жасастық та, нысанды өзімізге алдық. Орталық қазір жергілікті биліктің балансында», - деді Дархан Сатыбалды.