Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Yazgı: Димаш Құдайбергеннің түрік тіліндегі алғашқы әні қалай өмірге келді

АСТАНА. KAZINFORM – Димаш Құдайберген тыңдармандарына түрік тіліндегі алғашқы авторлық туындысы – Yazgı әнін ұсынды. Бұл туралы dimashnews.com жазды.

Димаш
Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Әннің музыкасын Димаш Құдайбергеннің өзі жазса, сөзінің авторы – Өркен Әбдіров. Композицияның музыкалық продюсерлігі, Димаш орындайтын өзге де әндеріндегі сияқты, автордың тікелей жетекшілігімен жүзеге асырылды. Жаңа туындыны әзірлеуге аранжировщик Ренат Аубакиров пен саунд-продюсер Ерлан Бекчурин де атсалысты. Гитара партиясын Әбілмансұр Құдайберген орындады.

Терең романтикалық мазмұнға құрылған бұл композиция бір-бірін сүйген екі жастың тағдырын баяндайды. Бір аспан астында тағдырлары тоғысқан қос ғашықтың жолы әр тарапқа бөлініп, араларындағы бір ғана қадам қашықтық тұтас бір ғұмырға созылғандай әсер қалдырады.

Әннің сөзін жазған ақын Өркен Әбдіров шілде айының ортасында Димаштың түрік тіліндегі лирикалық әніне мәтін жазу жөнінде ұсыныс алған. Ол бұл жұмыстың үлкен жауапкершілік жүктейтінін бірден сезінгенін айтты. Сонымен қатар түрік тілін меңгеруге түрік фильмдері мен әндерінің ықпалы зор болғанын атап өтті.

- Түрік тілін алғаш рет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстазым Қуанышбек ағайдың дәрістерінде үйрендім. Сол жерде түрік әліпбиімен танысып, тіл үйренудегі алғашқы қадамдарымды жасадым. Кейін университет ұйымдастырған жазғы тілдік курстардың арқасында Түркияға барып, түрік тілімді табиғи тілдік ортада жетілдіруге мүмкіндік алдым. Алайда түрік тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығым бұдан да ертерек қалыптасқан болатын. Бұған Қазақстанда кеңінен танымал әрі Түркиядан тыс жерлерде де жоғары бағаланатын түрік фильмдері мен әндерінің ықпалы зор болды. Шілде айының ортасында Димаштың түрік тіліндегі лирикалық әніне мәтін жазу жөнінде ұсыныс алдым. Бұл жұмыстың үлкен жауапкершілік жүктейтінін бірден сезіндім. Әннің әуені сол кезде дайын болатын, ал менің міндетім сол әуенді мазмұнды поэтикалық мәтінмен толықтыру еді. Композицияның әуенінен мұң, нәзіктік пен сағыныш анық сезіліп тұрды. Сондықтан сөздер әуеннің өзінен табиғи түрде туындағандай әсер қалдырды, - дейді ақын.

Ол әннің атауына келгенде ұзақ ойланғанын айтты.

- Мәтін толық аяқталғаннан кейін әннің атауы жөнінде ұзақ ойландым. Нәтижесінде екі нұсқа ұсындым: Yazgı («Тағдыр») және Ayrı Mevsim («Қабыспайтын жыл мезгілдері»). Соңғы таңдау Yazgı атауына түсті. Осылайша тағдыр қосылуға мүмкіндік бермеген ғашықтар туралы ғазал дүниеге келді. Әннің сөзін жазу барысында түрік әдебиетін, әсіресе түрік ақындарының поэзиясымен бұрыннан таныстығым көп көмегін тигізді. Әуеннің эмоциялық табиғатын дәл жеткізіп, сонымен қатар оған табиғи үйлесетін сөздерді табу оңай болған жоқ. Осы уақытқа дейін танымал қазақстандық әншілерге арналған әндердің мәтіні мен музыкасын жазу тәжірибем болды. Сонымен қатар өз орындауымдағы авторлық әндерім және қазақ, түрік тілдерінде жазылған туындыларым да бар. Сондықтан әннің соңғы нұсқасын шамамен елестете алдым. Жинақталған тәжірибемнің барлығы осы композицияны жазу барысында айтарлықтай пайдасын тигізді, - дейді Өркен Әбдіров.

Ән өте романтикалық әрі мұңды сипатқа ие. Ақын осындай нәзік әрі мұңлы жолдарды жазуға не себеп болғанын айтты.

– Қай дәуірде болмасын, бір-бірін шынайы сүйгенімен, тағдырдың жазуымен бірге болу бақыты бұйырмайтын адамдар болған және бола береді. Олардың жүректері бір-біріне ұмтылғанымен, тағдыр басқа шешім қабылдайды. Олар бір ағашта қатар өмір сүретін көктем мен күз секілді немесе бір аспан астындағы ешқашан түйіспейтін іздер іспетті. Меніңше, басталуы болғанымен, жалғасы бұйырмаған осындай сезімдердің тағдыры Yazgı әнінің негізгі шабыт көзіне айналды, - дейді Өркен Әбдіров.

Димаш DiMENSIONS атты жаңа әлемдік турнесін жариялағанын жазған едік.