Йемен аумағынан Мекке бағытында зымыран ұшырылды
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Йеменде соғысып жатқан араб елдерінің коалициясы Йеменнің шиит жасағы ұшырған баллистикалық зымыранды ерте анықтап, діттеген жеріне жеткізбей жойғанын мәлімдеді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА-ның Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Саад провинциясынан ұшырылған зымыран Сауд Арабиясының қасиетті қаласы Меккеден 65 шақырым жерде жойылды және ол мұсылмандардың қасиетті жеріне бет алған-мыс.
«Хуситтердің» қатысуымен болуы мүмкін бұл оқиғаны алты ел: Бахрейн, Кувейт, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар, Сауд Арабиясы мен Оман сынға алды.
Мысырлық әскери сарапшы Хишам Аль Халаби снаряд «жер-жер» санатындағы Scud баллистикалық зымыраны болып табылатындығын атап өтті. Оның бағалауынша, зымыранның жою радиусы 300 шақырымнан асады және ол жердегі нысандарды күл-талқан етеді.