ЙЕМЕН: БҰҰ жариялаған бейбіт бітім 2 сағаттан соң қайта бұзылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемен астанасын тағы бомбаның астына алды. Бүгін ғана БҰҰ гуманитарлық бітім жайында ресми мәлімдемені жариялаған еді. Екіжақты келісім күшіне енгеніне 2 сағат өтпей жатып қайта бұзылды, деп хабарлайды 24.kz.

ЙЕМЕН: БҰҰ жариялаған бейбіт бітім 2 сағаттан соң қайта бұзылды

Жергілікті тұрғындар жойқын жарылыстар болғанын айтады. Бейбіт бітім 11 шілде күні түн ортасынан қасиетті Рамазан айы аяқталатын 16 шілдеге дейін жарияланған еді. Осы мерзім ішінде 3 айға ұласқан азаматтық соғыс пен әуе шабуылдарынан жапа шеккен 21 млн тұрғынға көмек көрсетілуі керек еді. Бірақ бұл бітімге йемендіктер әу бастан-ақ күпті көңілмен қарап бақты.

Йемендегі соғысты тоқтату туралы бірінші 5 күндік бітім мамырда жарияланған болатын. Ол кездегі бейбіт келісімді хоуситтер бұзды. Ал бұл жолы олар араб коалициясын айыптап отыр. Йемендегі азаматтық соғыс шиіттік бүлікшілер - хоуситтер мен сүнниттік биліктің қарулы күштері арасында болып жатыр.

Сауд Арабиясы жетекшілік ететін бірнеше араб елдерінің коалиция әскері хоуситтер бекінген жерлерді 26 наурыздан бері бомбалап келеді. Бірақ әуе шабуылдарынан көп жағдайда бейбіт халық қырылып қалды. Соңғы мәлімет бойынша, құрбандар саны 3 мың адамнан асқан. Ал миллионнан астам йемендік босқынға айналды.