Йемен теңізінде қайық аударылып, 20 адам қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — 18 қаңтар күні Джибутиден шыққан қайық Йеменнің Таиз провинциясы маңындағы теңізде аударылып, салдарынан 20 эфиопиялық мигрант қаза тапты. Бұл туралы Халықаралық миграция ұйымы хабарлады. 

Йемен теңізінде қайық аударылып, 20 адам қайтыс болды
Фото: yemen.iom.int

Ұйымның мәлімдеуінше, қайтыс болғандардың ішінде 9 әйел мен 11 ер адам бар. Жалпы қайықта 35 эфиопиялық мигрант, сондай-ақ йемендік капитан мен оның көмекшісі болған.

Қайғылы оқиға болған кезде теңізде қатты жел мен толқын болғаны атап өтілді.

Халықаралық миграция ұйымының мәліметінше, 2024 жылы Йеменге 60 мыңнан астам заңсыз мигрант келген. Йеменнің жағалау сулары әлемдегі ең қауіпті миграция бағыттарының бірі саналады.

2014 жылдан бері Йеменге бағытталған көші-қон жолында 3435 өлім мен жоғалу оқиғасы тіркелген, оның ішінде 1416 адам суға батып кеткен.

Бұған дейін Грекияда мигранттар мінген қайық апатқа ұшырап, 8 адам қайтыс болғанын жазылған.

Соңғы жаңалықтар