Йемен жағалауында басып алынған жүк кемесі босатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарулы адамдар бұған дейін Йемен жағалауында басып алған жүк кемесін тастап кеткен. Экипаждың барлық мүшесі аман-есен, деп хабарлайды Anadolu.
Бұл туралы Ұлыбританияның Теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) Х әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
— UKMTO кемені басып алған бөгде адамдардың оны тастап кеткені туралы ақпарат алды. Экипаж мүшелері қауіпсіз жерде. Кеме белгіленген келесі портына қарай бағыт алды, — делінген хабарламада.
Оқиға 28 қарашада Йеменнің Бальхаф портынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 64 теңіз милі (119 шақырым) қашықтықта болған.
Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Осы аудан арқылы өтетін кемелерге сақтық шараларын сақтау және кез келген күдікті әрекет туралы хабарлау ұсынылды.
Еске салайық, Йеменнен ұшырылған екі зымыран Сауд Арабиясына жете алмағаны туралы жазған едік.