Йеменнен тағы бiр Қазақстан азаматшасы Ресейге жеткiзiлдi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Йеменнен тағы бiр Қазақстан азаматшасы Ресейге жеткiзiлдi, деп хабарлайды ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметi.

Йеменнен тағы бiр Қазақстан азаматшасы Ресейге жеткiзiлдi

"Бүгiн, Астана уақыты бойынша 13 сағатта Қазақстан азаматшасы Саханова Гүлмира Йеменнен Ресей Федерациясына жеткiзiлгенiн хабарлаймыз. РФ-тегi Қазақстан Республикасының консулы жағдайды бiледi және оның келуiн күтуде. Қазiргi уақытта Йемендегi бiздiң азаматтарымыздан басқа өтiнiштер болған жоқ", - делiнген хабарламада.

Бұның алдында, сенбi күнi ресейлiк ұшақпен Йеменнен Мәскеуге бiрнеше қазақстандық эвакуацияланғаны хабарланған болатын.

Еске сала кетейiк, Йемен елiнде қазiргi таңда қарулы қақтығыстар орын алуда. Сауд Арабиясының жетекшілігмен құрылған коалиция әскери авиациясы Йемен астанасы Сана қаласын бомбалауды қайта бастады. Сананы жаулап алған көтерілісші хуситтерге қарсы әскери іс-қимылдар 11 күн бұрын басталған.

Ресей Федерациясы мен Қызыл Крест халықаралық ұйымының қалаға медициналық дәрі-дәрмек пен гуманитарлық көмек жеткізу, сондай-ақ бейбіт азаматтарды қауіпсіз жерге көшіруге мүмкіндік беру туралы үндеуіне қарамастан әуеден соққы беру тоқтатылған жоқ.