Йеппе Хулдахл : Hole-in-one соққысы үшін осындай керемет сыйлық алам деп ойламаппын

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Hole-in-one соққысы үшін осындай керемет сыйлық алам деп ойламаппын. Бұл мен үшін тамаша тосынсый болды. Қуаныштан басым айналды. «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында халықаралық «Қазақстан оупен» гольф-турнирінде екі Hole-in-one соқысының бірінің авторы 33 жастағы даниялық кәсіпқой гольфшы Йеппе Хулдахл осындай әсерде болғанын жеткізді.

Йеппе Хулдахл : Hole-in-one соққысы үшін осындай керемет сыйлық алам деп ойламаппын

«Бұл күн естен танарлықтай күн болды. Біз барлығымыз финалдық кезеңге өтуге күш салдық. Мен өттім. Шынымды айтсам, мен Hole-in-one соғамын деп ойлаған жоқпын. Бірақ әр гольфшы осындай соққы жасауды армандайтыны жасырын емес. Мен осыдан 12-13 жыл бұрын Еуропада бір емес, екі hole-in-one соққысын жасағанмын. Бірін 170 метрден, екіншісін 120 метрде жерден салдым. Бірақ оларға сыйлық берілген емес. Ал бүгін мына сыйлықтарды көріп, төбем көкке жеткендей болды. Үйге хабарласып жақсы жаңалығыммен бөлістім. Үй-ішім қуанып жатыр. Менің әйелім және екі кішкентай қызым бар», - деді Й. Хулдахл.

Сонымен қатар, ол гольфпен алты жасынан бастап айналыса бастағанын жеткізді.

«Менің гольфпен айналысып келе жатқаныма биыл 27 жыл болды. Копенгаген қаласына жақын маңда тұрамын. Онда гольф алаңы болатын. Қазір де бар. Алты жасымда әкем мені сол гольф алаңына алып барғаны есімде. Мен бұл ойынды қатты ұнаттым. Содан бері голфпен тұрақты айналысып келемін. Қазір кәсіпқой гольфшымын. Басқа әуестігім жоқ. Оларға уақыт та жетпейді. Қолым тисе, қыздарымды ойнатқанды ұнатамын. Ал гольф - менің өмірлік кәсібім. Мұнда психологилық тұрақтылық үлкен маңызға ие. Өйткені, сырттай жеңіл ойын болып көрінгенімен, онда кедергілер шаш-етектен. Сондықтан, өзіңе сенімді болып, олардың барлығына шыдай білу керек» , - деді Й. Хулдахл.

Айта кетелік, ол «Қазақстан оупен» гольф-турниріне осымен төртінші рет қатысып жатыр екен. Бұған дейін жеңімпаз болмағанымен, алғашқы ондыққа еніп жүрген.

Тағы да естеріңізге сала кетелік, кеше 11-ші Халықаралық «Kazakhstan Open-2015 гольф турнирінде тарихи уақиға орын алған болатын. Онда қатарынан бір емес, екі hole-in-one соғылды. Даниялық гольфшы Йеппе Хулдахл бірінші алаңқайда гольф добын ұяшыққа 148 метрден, ал 10 минут өтер-өтпестен голландиялық Маартен Лафебр 16-шы алаңқайдан 169 метр жерден бір соққымен салды.

Йеппе Хулдахлға «Меркур Авто» компаниясы атынан Audi A4 маркалы автокөлігі мен 106 740 доллар тұратын Parrelet Tourbillion сағаты, ал Маартен Лафебрге сәйкесінше Audi A6 маркалы автокөлігі мен Parrelet Tourbillion сағаты салтанатты жағдайда табыс етілді.