«Ықпалдастық: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты халықаралық жоба аяқталды
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы «Ықпалдастық: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты халықаралық жобаны бастаған болатын. Бұл ретте Дмитрий Петровтың қаза тілін жедел әрі сапалы үйрену әдістемелері қарастырылған еді. Қазақстанның өзінде 3-5 топ құрылып сабақтары жүргізілсе, одан бөлек Түркияда үлкен жоба әзірленген. Түркияның Кемер қаласында жүзеге асқан жобаға «Саұрық-Қазына» АҚ мен Қазақстанның Даму Банкі АҚ демеушілік жасаған. Жобаға Қазақстан, Ресей, Түркия және Чехия мемлекеттерінен 800-ден астам адам қатысқан. «Жобаның басты мақсаты - тіл, оның ішінде мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі. Елбасы тілге байланысты нақты тапсырмалар берді. Тіл - саясаттандыратын мәселе емес, осындай нақты тәжірибелер арқылы жұртшылыққа жақындататын мәселе. Жалпы, тіл мәселесіне келсек, елімізде әдістемелер де, жобалар да жеткілікті. Ең бастысы ниет болса екен», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан.
«Тілдарын» орталығының бұндай жобасын Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те қолдайды. «Қазақстанда инновацияны көп айтамыз, оның ішінде қай сала болмасын жаңалықтар, жаңа көзқарастар керек. Мысалы осы «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығының ұсынысы да жаңа. Бұлардың әдісі арқылы тілді сапалы меңгеруге әбден болады және оны тез арада жүзеге асыруға септігі мол. Бұл әдістің ерекшелігі 10-15 күннің ішінде бастапқы деңгейді меңгере аласыз. Меніңше, көп адамдар сөйлеп бастауға қорқады. Ал «Тілдарын» ұсынатын ойын мен дәстүрлер арқылы тілдерді дамыту әдісі бұл жағынан барынша тиімділік танытып отыр. Болашағы мол әдіс», - дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, жоба негізінен басқа ұлттарға қазақ тілін үйретуге бағытталған. Әдістің ерекшелігі жазудан бастауға емес, қатысушыларды бірден сөйлеуге ұмтылдыруға негізделеді.