Ылғалды көп қажет ететін дақылдар егілетін алқаптар қысқартылады - министр
«2021 жылғы егіс науқанына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Болжамды құрылымға сүйенсек, жалпы егіс алаңы 86,4 мың гектарға ұлғайып, 22,7 млн гектарды құрайтын болады. Майлы, азықтық және көкөніс-бақша дақылдарының, сондай-ақ қарақұмық әрі қант қызылшасы сияқты әлеуметтік дақылдардың алаңдарын ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар бидай, күріш және мақта сияқты дара дақылдар мен ылғалды көп қажет ететін дақылдар егілетін алқаптар қысқартылады», - деді министр.
Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілері 70 млрд теңге сомасында жеңілдетілген кредитпен, 379,8 мың тонна көлемінде арзандатылған жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілетін болады. Ол нарықтық бағадан 11 пайызға арзан деңгейде белгіленеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылы ауыл шаруашылығында түрлі бағыттар бойынша 79 инвестициялық жоба іске асырылады.