«Ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайды» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 17-сі, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз халқына келеңсіз оқиғалар салдарынан азаматтарын жоғалтқан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Вашингтон уақытының бізден 10 сағатқа айырмашылығы бар екенін білесіздер, сондықтан біз күндіз саммит жұмысымен, ал түнде Қырғызстан мәселелерімен айналысып, күндіз-түні жұмыс істедік. Шүу дегенде бұрынғы президент Құрманбек Бакиев елдің оңтүстік өңірінде өзінің жақтастары көп екенін айтып, президенттік орынтақтан бас тартпай, соңына дейін таласатынын мәлімдеген болатын. Ал бұл елде азамат соғысының тұтануына әкеліп соғатын шешім еді. Өзі де қан жұтып, қайғы шегіп әрі экономикалық жағдайдың қиындығынан бас көтере алмай отырған елді бұл одан сайын тұралатуға соқтыратын қадам болатын. Сондықтан біз Бакиевті алған бетінен қайтаруға тырыстық. Оның елді аман-есен тастап шығуы туралы уақытша үкіметпен де өте ауыр келіссөздер жүрді. Олар Бакиевті жауапқа тартып, оның жасаған істеріне баға берулері қажеттігін айтты. Бірақ бұл елдің екіге жарылып, соғысу мүмкіндігі екенін біз де, Ресей Федерациясы тарапы да түсіндірген соң кеше, 15 сәуір күні кешке әйтеуір бір келісімге келгендей болдық. Сөйтіп, Бакиевтің Қырғызстанды тастап шығуына зорға деп қол жеткіздік», дейді Мемлекет басшысы. Жарияланымның толық нұсқасын басылымының сенбілік нөмірінде жарық көрген «Ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайды» деген мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ Елбасының Қырғызстандағы ахуалға орай журналистерге берген сұхбаты арқау болған мақалалар «Айқын», «Алаш айнасы», «Астана ақшамы», «Казахстанская правда», «Литер», «Время» газеттерінде де жарияланды.
«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі Жәнібек Кәрібжановты қабылдады. Ж.Кәрібжанов Президентке өзінің Қырғызстанға сапарының қорытындысы туралы баяндады. ЕҚЫҰ-ның миссиясы орын алған қақтығыстардың одан әрі өрбуіне жол бермеу, тұрақтылықты қамтамасыз ету және осы елдегі саяси жағдайдың ушығуы жағдайында адам құқықтарын сақтау болды. «Қырғызстанның уақытша үкіметі конституция негізінде жұмыс істеп, қолданыстағы заңдарды сақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды қамтамасыз етуі қажет. Соның негізінде халықтың өмір сүру деңгейін көтеру қамтамасыз етіледі», депті Ж.Кәрібжанов.
Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит күндерінде бірқатар беделді халықаралық сарапшылар мен саясатшылар қазақстандық журналистерге Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы саммит жұмысына қатысуы туралы өз пікірлерін білдірді. Солардың бірқатары «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде жарияланды.
Мәселен, АҚШ-тың ядролық қаруларды таратпау жөніндегі комиссиясының мүшесі Томас Грэнд «Қазақстан ядролық қару-жарақты таратпау үрдісінде өте маңызды рөлге ие. Меніңше, сіздердің Президенттеріңіздің жаһандық саммитте сөйлеген сөзі осынау түйткілді шешуге тың серпін береді», десе Әскери-саяси талдаулар орталығының директоры, Хадсон институтының ғылыми қызметкері Ричард Вэйтц «Қазақстан бүгінгі күні әлемдік аренада өзін күшті ойыншы ретінде көрсетіп отыр. Барак Обаманың Сіздердің Президенттеріңізді ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысуға ең алдыңғылардың бірі ретінде шақыруы осыны дәлелдеді», деген пікірін жеткізген.
Мұндай шетелдік сарапшылар мен саясаткерлердің Елбасының аталған саммитке қатысуына байланысты ой-пікірлері «Астана ақшамы» газетінде де жарияланды.
Атап айтқанда, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блейк «Біз Қазақстанның жетістіктерін қолдаймыз. Биылғы жылы сіздердің республикаларыңыз ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуде. Және осы Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммитін шақыру туралы ұсынысты дер кезінде жасап отыр. Сіздерге жаңа да қуатты экономика орнатудың сәті түсті. Сіздер әлемнің барлық жетекші елдерімен әріптестік қатынас құра алдыңыздар», десе, Ядролық қаруларды таратпау проблемаларын зерттеу жөніндегі орталық директорының орынбасары Леонард Чпектор «Біз Қазақстанды барша үшін үлгі ретінде мысалға алып сөйлейміз. Сіздердің Президенттеріңіз - ядролық қару-жарақсыз әлем құру үшін қызмет етіп жүрген адам. Ол қуатты ядролық әлеуеттен бас тартып және байытылған уранды ел ішінен әкетуге рұқсат беріп қана қоймай, сонымен бірге әлемнің басқа көшбасшыларын ядролық қаруларды қысқартуға шақыруда», деген пікірін білдірген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан Грозный қаласындағы Н.Назарбаев атындағы лицейге келешекте де көмек көрсететін болады. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков мәлім еткен. Оның пікірінше, аталға білім ордасының оқушылары Ресейдің білім саласында лайықты орынға ие болуы тиіс. Қазіргі кезеңде министрлік Астананың білім ордалары арасында грозныйлық мектепке бауырлас бола алатын лицей іздестіруде.
«Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай соғыс ардагерлеріне бір реттік берілетін 65 мың теңге сәуір айының 30-на дейін олардың қолына толық табыс етілуі тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті», деп жазады «Айқын» газеті. Мұндай көмекті соғысқа қатысқан ардагерлер ғана емес, сонымен қатар соғыста қаза тапқан және қайтыс болған ардагерлердің жесірлері де алады. Оларға берілетін қаржы көлемі 25 мың теңге шамасында. Сондай-ақ тылда еңбек еткендер де жәрдемақыдан тыс қалмайды. Оларға берілетін ақша көлемі - 10 мың теңге.
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - сатирик-жазушы, аштық зұлматын зерттеуші Табыл Құлияс. Екеуара әңгіме барысында ол «1917 жылы А.Байтұрсынов қазақ 7 миллионға жетті деп қуанып мақала жазды емес пе? Ал Сейітқали Меңдешевтің жазғанында қазақтың саны 5,5 миллиондай деп көрсетілген. Сонда 2 миллион қазақ қайда кетті? Әрине, олар аштан қырылып жатты. ОГПУ құжаттарында бір ауылдың түп-тамырымен құрып кеткені жазылып тұр. Егер аштық болмағанда, Ахметтің 7 миллион қазағы, әр отбасында 4 адамнан болды дегеннің өзінде, 2000 жылы 26 миллионға жететін еді деп ойлаймын», деген пікірін білдірген. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның сенбілік санында жарық көрген «Аштық ұлтымыздың генетикалық сапасын жойып жіберді» деген мақаладан оқи аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарының бүгінгі сауалы «Этнотуризм арқылы отандық туризмді дамыта аламыз ба?». Осы сауалға «ия» деп жауап берген жазушы, «Қанағат» консорциумының басшысы Бейбіт Сапаралы «Бүгінде әлемнің көптеген елдері өздерінің ішкі өндірісін де, табиғи, тарихи байлықтарын да туризмге бағыттап отыр. Ал біздің әлі күнге дейін тарихи, табиғи құндылықтарымызды көрсете алмауымыздың, ішкі туристік фирмаларымыздың дамымай отыруының көптеген себептері бар», десе, «жоқ» деп жауап берген Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің оқытушысы Еркін Бейсеке «Қазақстанда ең алдымен ішкі туризмді дамытуға басымдық беру керек. Өз еліміздің тұрғындарын этнотуризм аса қызықтырмайды. Өйткені бізге өз еліміздің тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтары жақсы таныс. Бізде патриоттық сезім аздау» деген пікірін білдірген.
«Шығыс хан шындығы Қоңырәулиеде емес пе екен?». «Алаш айнасы» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада Шыңғыс ханның Шыңғыстаудың сырт жағында, Шаған өзенінің бойындағы Қоңырәулие үңгірінде жерленуі мүмкін деген жорамалды алға тарта отырып, бірқатар деректер мен дәйектерді қоса ұсынылған. «Шыңғыс ханның Қоңырәулие үңгірінің ішіне жерленгендігі жайында айтылатын әпсана - әбден ойлантарлық жай. Жалпы, Шыңғыстаудың аты ханның құрметіне қойылғаны бекер ме екен? Шыңғысты хан көтерген осы таудың биігі Хантау деп аталады. Ақсақалдардың айтуынша, үңгір ішіндегі көлдің түп жағынан үңгір бірнеше камералы болып кетеді. Оның ар жағында құпия есік бар көрінеді. Сол есік таудың астындағы үлкен үңгірге апарады екен де, сонда ұлы хан жерленген-міс», деп жазады басылым.
***
«Астана ақшамы» газетінің дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда басшысы И.Тасмағамбетов қала тұрғындарының өздерін толғандырған сауалдарына тұщымды жауап берген.
***
«Казахстанская правда» газетінің ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмиді қабылдады. Қ.Мәми Президентке еліміздегі заңдылықтың жай-күйі және ведомствоның ағымдағы жылғы үш айдағы жұмыс қорытындылары туралы баяндады. Есепті кезең ішінде қылмыс 10 пайызға өскен. Мұндай жағдай жасалған қылмыстардың санының өсуінің есебінен емес, есепке алу-тіркеу тәртібін қатайтқаннан соң орын алып отыр. Соның бір айғағы, ауыр және орташа дәрежедегі қылмыстар деңгейі төмендегені байқалуда. Әңгімелесу барысында сондай-ақ еліміздегі су қоймаларының қазіргі жағдайына тексеріс жүргізу туралы сөз болды.
Қырғызстанның уақытша үкіметі Қазақстан Президенті Нұрұлтан Назарбаевқа дау-жанжалды шешуге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді. Бұл туралы «Время» газетіне Қырғыстанның уақытша үкіметі аппаратының басшысы Еділ Байсалов мәлім еткен. Мақаланың егжей-тегжейін басылымның сенбілік нөмірінен оқи аласыздар.