«Ынтымақтастыққа өріс кең» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанада Қазақстан-Литва кәсіпкерлерінің бизнес-форумы болып өтті. Форумның ашылуына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Литва Республикасының Премьер-министрі Альгирдас Буткявичюс қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZNEX INVEST» АҚ ұйымдастырды. Екі елдің арасындағы инвестициялық-өнеркәсіптік ынтымақтастық бағдарламасын талқылау жөніндегі келіссөздердің кезекті кезеңінде өтіп отырған бұл бизнес-форумға Қазақстан мен Литваның мемлекеттік басқару органдарының, кәсіпорындары мен ұйымдарының, даму институттары мен бизнес құрылымдарының 200-ден астам өкілдері қатысты. Форумның ашылуына орай сөйлеген сөзінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов біздің еліміздің Еуропалық одаққа шығар жолындағы Литваның көліктік инфрақұрылымдарын пайдалануға мүдделі екендігін жеткізді. Көлік дәлізі ретіндегі оның бізге беретін мүмкіндіктерін атап көрсетті. «Қазақстан үшін Литваның өзіне, оның көліктік инфрақұрылымдарына инвестициялар салу, бұл елдің порттарымен жұмыс істеу маңызды болып табылады. Сондай-ақ, біз Еуропалық одаққа өз өнімдерімізді экспорттау үшін Литва аумағынан кәсіпорындар құрудың мүмкіндігін пайдаланғымыз келеді», - деді өзінің сөзінде Қазақстан Премьер-Министрі. Бұл жайында «Ынтымақтастыққа өріс кең» деген мақалада толық берілген.
Бас басылымда «Экономикалық салада ілгерілеушілік байқалады» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер биылғы ақпан айында ашылған Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасының жұмысымен танысты. Үкімет басшысының орынбасары аурухананың мәжіліс залында облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен кездесті.
- Әлемді қанша рет дағдарыс қыспағына алып, мықты мемлекеттердің көбі тарығып жатқан кезеңнің өзінде Елбасы денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт саласына бөлінетін қаржыны еселеп келеді, - деді Бердібек Мәшбекұлы. - Өйткені, Қазақстанға дені сау, білімді, мәдениетті ұрпақ керек. Мәселен, Оңтүстікте денсаулық сақтау саласына 90,3 млрд. теңге бөлініп, өткен жылдардан 8,3 пайызға артқандығы мемлекеттің «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын түбегейлі орындауға бағыт ұстағандығын аңғартады.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, еліміздегі ең жемқор орган... Әрине, әкімдіктер. Ресми мәлімет көрсеткендей, соңғы төрт жылда орын алған сыбайлас жемқорлық оқиғаларының жартысына жуығы осы органға тиесілі екен. Ал одан кейінгі екінші орынға қылмысқа қарсы күресуге міндетті Ішкі істер министрлігі шықса, үштікті Ауыл шаруашылығы министрлігі түйіндеп тұр. Кеше Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жайы талқыға түсті. Жиын барысында 2011-2015 жылғы бағдарламаның орындалуындағы кемшіліктер сарапталып, парақорлық дендеген салалардың тарапына өткір сындар айтылды. Бұл жайында «Жемқорлықпен күрестің жаңа кезеңі» атты мақаладан оқи аласыздар. Осы басылымда «GGG кіммен жұдырықтасады?» атты мақала берілген. Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA (Super), WBC (Interim) және IBO нұсқалары бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Геннадий Головкиннің беделі күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда майталман мамандар мен атақты спортшылардан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін отандасымыздың атына жылы-жылы лебіз білдіріп, GGG-нің болашағы зор екенін айтудан жалығар емес. «Расында да, Гена қандай да құрметке лайық. Қазіргі кезде оның дәуірі жүріп тұр. Алайда бұл жігітке босаңсуға еш болмайды. Себебі GGG-мен салмағы шамалас боксшылар арасында басқа да мықтылар бар. Соны да қаперге алған жөн. Мәселен, қазір көпшілік Головкиннің Флойд Мейвезер, Андре Уорд немесе Мигель Котто сынды серкелермен жұдырықтасқанын қалайды. Оның сыртында Сауль Альварес, Эрисланди Лара, Карл Фроч, Деметриус Андраде, Матвей Коробов, Хулио Сезар Чавес және Энди Ли секілді дүлей күш иелері бар. Бұлардың барлығы да өздерінің мықтылығын әлдеқашан мойындатқан сақа спортшылар. Күні кеше ғана америкалық Дарнелл Бун есімді ержүрек Головкинмен күш сынасқысы келетінін мәлімдеді. Ол да осал жігіт емес. Кезінде АҚШ боксшысы Канаданың «қара маржаны» Адонис Стивенсонды оңдырмай сабап, ақыры есінен тандырып тынған болатын. Бірақ есімдері аталған боксшылардың көбі көптеген сылтауды желеу етіп, Головкинмен жекпе-жекке шығудан бас тартуда. Сол секілді түрлі себептерге байланысты кейбіреуімен күш сынасудың реті келмей жүргенін де айта кетуге тиіспіз», - деп жазады мақала авторы. *** «Экспресс-К» газетінің соңғы санында «На таможне много можно?» деген материал басылды. Өз ісіне адал емес кедендік бекеттерде параның сомасы айына 3 млн. долларға дейін жетеді. Бұл жайында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров айтты.
«Еліміздің шекарасы периметрі бойынша сыбайлас жемқорлықтың жүйелі көрінісін еңсере алмай келеміз. Соңғы айларда бірқатар қылмыстың беті ашылды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр. Атап айтқанда, пара көлемі қомақты болмаса да, ол бүгінде жүйелі сипатқа ие болып отыр», - деді Қ. Қожамжаров
***
«Казахстанская правда» газетінде «Дана высокая оценка» деген мақала жарияланды. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты арнаулы баяндамасының халықаралық таныстырылымы өтті. Таныстырылым барысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Комиссия баяндамасының бірегейлігін атап өтті және құқық қорғау органдарының үкіметтік емес ұйымдармен адам саудасына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылын жетілдіруге, сондай-ақ, трафик құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған ұсынымдарға назар аударды.
Сарапшылар Адам құқықтары жөніндегі комиссияның арнаулы баяндамасына жоғары баға берді және ондағы ұсынымдардың Үкімет пен Парламент тарапынан нақты іске асырыла бастағанын айтты.
Баяндаманың таныстырылымына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі органдарының, құқық қорғау органдарының өкілдері, құқықтанушы-ғалымдар, Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, адвокатура, нотариат, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.