Ынтымақтастыққа серпін беретін форум
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты.
Елбасы Қытайға сапар барысында алдымен Қытай Халық Республика сының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасына «Бір белдеу, бір жол» форумына шақырғаны үшін алғысын білдіріп, іс-шараның жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.
Форум бүкіл дүниежүзі бойынша биылғы ең басты оқиғаның біріне айналды деп ойлаймын. Форумның ашылуында сөйлеген сөзіңіз мазмұнды болды, ол елдер арасындағы ынтымақтастықтың көп сауалына жауап берді.
«Бір белдеу, бір жол» - жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясының өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықтың ғана емес, сонымен бірге түрлі құрлық елдері арасындағы өзара іс-қимылдың көрінісі екенін айтты.
«Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45% құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды. Басқа елдер бізден үйрене алады», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, оның бұдан да жоғары деңгейде нығая түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады.
Си Цзиньпин Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеу процесіне қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Қытай Халық Республикасының төрағасы «Нұрлы жол» бағдарламасының табыстылығын, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің халықаралық бастамасының маңыздылығын атап өтті. Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты.
Сондай-ақ, мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына ерекше көңіл аударды. Форум аясында өткен «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты «дөңгелек үстел» жиынына қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақытылы жауап екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың осы процестегі маңызды рөліне тоқталды. - «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
«Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл - болашаққа арналған инвестиция», - деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.