Ынтымақтастықтың 20 жылында ЕуроОдақ Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі ретінде берік орнықты - Қ. Мәми

Жүздесу барысында Қайрат Мәми ынтымақтастықтың 20 жылы ішінде Еуропалық Одақ Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі ретінде берік орныққанын атап өтті. Қазіргі кезде Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімді әзірлеу және оны бекіту негізгі басымдық болып табылады. Сонымен қатар, парламентаралық өлшемге қатысты Төраға біздің еліміздің Еуропалық Парламентпен үнқатысуды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін айтты. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитеті үнқатысудың тиімді алаңы ретінде өзін көрсетіп отыр.
Қ.Мәми Еуропарламент тарапынан Қазақстанның ішкі саяси жағдайына назардың арта түскеніне түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Сонымен бірге, спикер Қазақстанда құқықтық және демократиялық мемлекет құруды басты мақсат еткен саяси даму жоспарлы түрде өрістеп келе жатқанын айрықша атап өтті. Барлық үдерістер Конституцияға және құқықтық талаптарға сәйкес жүзеге асуда.
Жүздесу барысында тараптар демократияны дамытуды тұрақты үдеріс ретінде қарау қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді. Сонымен бірге Қ.Мәми Қазақстандағы бұл үдерістің ауытқымайтын сипатқа ие екеніне назар аударды.
Өз кезегінде А.Бушез Еуроодақ Қазақстанды маңызды аймақтық әріптес ретінде қарастыратынын және көпжоспарлы үнқатысу мен ынтымақтастықты ілгерлетуге мүдделі екенін атап өтті. «Осыған байланысты Кеңейтілген әріптестік туралы жаңа келісімнің келешегі зор үміт күттіреді», деді ол.