Ынтымақтың ұйытқысы қазақ халқы болуы қажет, ал өзгелер оның төңірегіне топтасулары керек - Асылы Османова

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық байланыстардың ұйытқысы болса екен деп армандаушы едім. Өйткені Ассамблея Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған орган.
None
None

 Қазақ мемлекеті, қазақ халқы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық қамқорлықты жасағаннан кейін, өзге ұлт өкілдері де осыған жауап ретінде мемлекет құрушы қазақ халқына деген құрметін көрсетіп, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуі және оны қастерлеуі қажет». Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясынан соң журналистерге сұхбат берген «Мемлекеттік тілге құрмет» республикалық бірлестігінің жетекшісі Асылы Османова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның сөзіне қарағанда, Ассамблеяның отырысында осы пікірге байланысты көтерілген мәселелер шын мәнінде жүзеге асатын болса, Қазақстанның болашағы жарқын болмақ. «Шын мәнінде тек қазақ тілін білген адам ғана қазақ деген халықтың жан-дүниесін ұғынып, түсіне біледі. Сонда ғана ол қазақ халқын шын сыйлай алады. Біздің арамызда сыйластық болғанда ғана біз бүгінгіден де үлкен жетістіктерге жетеміз», деді А.Османова.

 Оның айтуынша, әлем бүгін Қазақстанды бірлігі мен ынтымақтастығы арқылы танып отыр. Олай болса, сол ынтымақтың ұйытқысы қазақ халқы болуы керек, ал өзгелер оның төңірегіне топтасулары қажет.

Соңғы жаңалықтар