Йоахим Лев: Түннің қай уағында болмасын, ұлттық командасына қолдау білдіруге келген жанкүйерлерге қайранмын

- Екінші таймның алғашқы жартысы туралы не айтасыз? Қазақстан құрамасы да Германия қақпасына қауіп төндіре бастады. Неге немістер құрамасы босаңсып қалды?
- Екінші таймның басында жігіттеріме мен де риза болмадым. Жігіттер босаңсып қалды. Дегенмен, айта кетуім керек, біз үзіліске дейін-ақ ойын тағдырын шешіп қойдық. 2:0 есебі кезінде футболшылардың қарқынды аздап азайтқандарына түсіністікпен қарауға болады. Әлбетте, азулы қарсыластарға қарсы кездесуде бұлайша босаңсымаспыз.
- Бірнеше күннен кейін аталмыш командалар қайта кездеседі. Бұл жолы Нюрнбергте. Қалай ойлайсыз, түзде жеңіске жеткен жігіттеріңіз екінші кездесуде ойынға толыққанды жинақтала ала ма?
- Мені де осы жағы аздап мазалайды. Оның үстіне, түзде жеңіске жеткеннен кейін өз жерімізде тіптен екі қолды бос қойып ойнауымыз әбден мүмкін екенін де жоққа шығармаймын. Дегенмен, футболшылардың жетелеріне жеткіземін ғой. Ешқашан қарсыласты бағаламау деген болмауы тиіс.
- Таза шабуылшысыз ойнаған қалай екен?
- Мен сізбен келіспеймін. Біз бұл ойында бір емес, екі шабуылшымен ойнадық. Алда Марио Гетце мен Томас Мюллер ойқастады. Біздің командада қажет кезде өз шебін алмастыра алатын әмбебап ойыншылар өте көп.
- Томас Мюллер немістердің барлық голына өз үлесін қосты. Қалай ойлайсыз, басқаларға қарағанда жасанды алаңда Мюллерге ойнаған қолайлырақ болды ма?
- Солай сияқты. Бірақ Мюллер кез-келген алаңда өзін еркін сезінеді. Әрдайым шабуыл өтінде жүретінін білеміз. Дегенмен, мен ешкімді де бөле жара атамас едім. Ең бастысы, команда ретінде жақсы ойнай білдік. Допты әрдайым өз бақылауымызда ұстап, қарсыласымызды сәт сайын тығырыққа тіреумен болдық. Әрине, жасанды алаңға бірден үйренісе алмадық. Алайда, дер кезінде бойымызды тіктеп, жеңіске жеттік.
- Бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасын «карлик» командалардың қатарына қосқан едіңіз. Бүгінгі кездесуден кейін пікіріңіз өзгерді ме?
- Меніңше, Қазақстан ұлттық құрамасы Сан-Марино, Люксембург, Лихтейнштейн сынды командаларға қарағанда әлдеқайда қарымдырақ. Физикалық жағынан да, техникалық жағынан да, тіпті тактикалық жағынан да әлгі ұжымдардан озық. Бізге дейін де Қазақстан құрамасы жақсы ойнаған. Австрияны ұпайынан айырып, басқа командаларды да біраз әбігерге салды. Қорғаныста да сауатты ойнай біледі. Өте жинақы, бірлігі жарасқан команда. Жігіттердің де жігерліктерінде мін жоқ.
- Ал Қазақстан құрамасының қай футболшысын бөле-жара атап өтер едіңіз?
- Жартылай қорғаныстың қос қапталын ерекше атап өтер едім. Генрих Шмидтгаль мен Бауыржан Жолшиев жақсы ойнады. Жалпы, Қазақстан құрамасында қарымды ойыншылар жетерлік екен.
- Екінші таймда орныңыздан бірнеше рет тұрып кеттіңіз. Жеңістен айрылып қаламыз деп қорықтыңыз ба?
- Жоқ, ол туралы мүлдем ойламадым. Жеңіске жетерімізге сенімді болдым. Бірақ, біздің жігіттер екінші таймда ойлағандарын іске асыра алмай жатты. Пастары да діттеген жерлеріне жетпей, шабуылдары да аяқсыз қалып жатты. Соны уайымдадым. Бірақ үшінші голымыз барлығын өз орнына қойды.
- Ойынның ұйымдастырылуы жайлы не айтасыз? Стадионның атмосферасы қалай екен?
- Түннің қай уағында болмасын, ұлттық командасына қолдау білдіруге келген жанкүйерлерге қайранмын, әрі риза болып отырмын. Ал стадион аса үлкен емес. Сондықтан, аренаның қай нүктесінен болмасын жанкүйерлердің қолдауынан құлақ тұнды.