Сириядағы YPG/SDG террористері тұтқындарды өлтіріп, инфрақұрылымды қиратып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — YPG/SDG террористік ұйымының қарулы топтары Евфрат өзенінің батыс жағалауында орналасқан, бұрын басып алынған Табка қаласынан шегіну барысында өздері ұстап отырған тұтқындарды өлім жазасына кескен. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.

Сирия
Фото: Анадолу

Сирияның ресми SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, террористер сондай-ақ Ескі көпірді және Ракка провинциясына су жеткізетін негізгі су құбырын жарып жіберген.

Сирия үкіметі YPG/SDG әрекеттерін ең қатаң түрде айыптап, оларды Женева конвенцияларына қайшы келетін соғыс қылмыстарын жасады деп айыптады.

Табка қаласының маңындағы Мансура ауданында Сирия армиясы қоршауға алған YPG/SDG құрамындағы 64 адам қауіпсіздік күштеріне берілген. Бұған дейін, алдыңғы күні кешкі уақытта Сирия армиясының стратегиялық маңызы бар Табка қаласын толық бақылауына алғаны хабарланған.

Сирия Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, YPG/SDG құрамындағы 483 қарулы адам Сирия билігімен байланысқа шығып, ұйым қатарынан шығуға ниет білдірген. Қазіргі уақытта олардың 181-і қауіпсіздік күштеріне берілген.

Бұған дейін YPG/SDG өкілдері қарулы топтарды Евфраттың батыс жағалауынан толық шығарып, өзеннің шығыс жағалауына шоғырландыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Алайда Евфраттың батысындағы бірқатар аудандарда террористер әлі де өз қатысуын сақтап отыр. Бұл аймақтарда үкіметтік күштер мен YPG/SDG арасындағы қарулы қақтығыстар әлі жалғасып жатыр.

Кеше Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Сирия президенті Ахмед аш-Шараамен телефон арқылы сөйлесіп, Сириядағы күрделі ахуалды талқылағанын жаздық

Ал оның алдында YPG/SDG террористерінің Алепподағы соңғы штабы Сирия билігінің қолына өткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар