Ыстамбұл билігі Гези саябағында сауда үйін тұрғызбайтын болды
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Ыстамбұлдың орталығындағы Гези саябағының орнына сауда үйі тұрғызылмайтын болды. Қала билігі осындай тоқтамға келді.
Бұл туралы Today's Zaman түрік басылымына сілтеме жасап, Росбалт жазды.
8 маусым күні Ыстамбұл мэрі Кадир Топбаш Гезиде құрылыс жұмыстарының басталуына наразылық білдірушілердің өкілдерімен кездесті. Келіссөздерден кейін ол журналистерге Гезидің орнына не сауда орталығы, не қонақ үй немесе тұрғын үй салынбайтынын мәлім етті. Бірақ оның айтуынша, билік саябақты қайта қалпына келтіру жоспарынан толық бас тартпайды.
Бүгінде Гезидің орнына мұражай немесе көрме орталығын салу жобасы қарастырылуда.
Түркияның барлық ірі қалаларын шарпыған толқулар биліктің Гези саябағындағы ағаштарды отау және онда сауда үйін салу жоспарына қарсы экологтардың наразылығынан басталып, 9 күнге созылды.
Полиция іс-шараға қатысушыларды күш көрсете отырып тарқатып жіберді, бұл азаматтардың ашу-ызасын тудырды. Ыстамбұлдың тұрғындары жаппай қала көшелеріне шықты, оларды елдің басқа қалаларындағы бұқара да қолдай түсті. Аздаған уақытта наразылық акциясы үкіметке қарсы сипатқа ие болды.