Ыстамбұл көрермендері Жәния Әубәкірованың өнеріне тәнті болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұлда Қазақстанның көрнекті пианисі, Әлем әртісі Жәния Әубәкірованың концерті аса жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Ыстамбұл көрермендері Жәния Әубәкірованың өнеріне тәнті болды

Жәния Әубәкірованың концерттік бағдарламасында әлемдік классикалық музыка шеберлерінің, оның ішінде С.Рахманиновтың, Моцарттың, Бетховеннің, Шопеннің «Moderato», «Adagio sostenuto», «Allegro scherzando» және басқа да шығармалары орындалды.

Әлем классиктерінің шығармаларын аса жоғары деңгейде орындаған қазақстандық пианистің өнеріне Ыстамбұл тұрғындары тәнті болды.

Еске сала кетсек, Ж.Әубәкірова Маргарет Лонг пен Жака Тибо Халықаралық байқауының (Франция, 1983 г.) Гран-приі және «Қазіргі француз композиторларының шығармаларын ең үздік орындағаны үшін» атты арнайы сыйлығының, сонымен қатар Халықаралық камералық ансамбльдер байқауының (Франция, 1985 г.) Гран-приі иегері болып табылады. Жәния Әубәкірованың жеке концерттері мен орындаулары Қазақстанның, Түркияның, Францияның, Ұлыбританияның, Германияның, Жапонияның, Ресейдің, Польшаның, Италияның, АҚШ-ның, Израильдің, Грекияның және Мажарстанның ірі концерттік залдарында өткізілді.