08:51, 09 Наурыз 2013 | GMT +5
Ыстамбұл мешітіне кіру үшін бірыңғай киім үлгісі енгізілмек
АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Көне Ыстамбұл шаһарының ең көз тартып, көңіл тоғайтатын Сұлтан Ахмет мешітінің ішін аралап көргісі келетін туристер үшін бірыңғай киім үлгісі тігіліп жатыр. Бұл жайында internethaber.com хабар таратты. Киімнің үлгісін жергілікті Мәдени және туризм басқармасы Ыстамбұлдың мүфтиятымен бірігіп пішкенін айта кету керек. Матаның бір түрінен ғана тігілетін киімнің түсі де бірыңғай болатынын айта кету керек. Әйелдерге бұдан бөлек шариғат талабына сай бастарына тартатын орамал да берілетін болады.

muslim.kz сайтының жазуынша, көгілдір мешітінің бас имамы Ысқақ Қызыласпанның сөзіне қарағанда, бұл жаңалық, ең алдымен, туристерге арналған. Оның айтуынша, туристердің көбісі өздерінің қайда бас сұққанын түйсінбейтін секілді, ашық-шашық жүреді. Жаңалық тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта аталмыш мешітте жағымсыз иісті жоятын айрықша нейлон жүйесі енгізіледі. Сонымен бірге, дауыс күшейткіш жүйесі де жаңартылады.