Ыстамбұл тұрғындары саңырау жігітке «бір сәттік бақыт» сыйлады - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұл шаһарының тұтас бір ауданының тұрғындары Түркиядағы Samsung компаниясының бөлімшесінің көмегімен Мұхаррем есімді құлағы естімейтін жас жігіт үшін тосын сый ұйымдастырды, деп хабарлайды islam.kz.
Нақтырақ айтқанда, Мұхаррем қарындасы Өзленмен бірге көшеге шыққанда көршілерінің бірі онымен ыммен амандасады. Бұл өз кезегінде жас жігітті қайран қалдырады. Ағалы-қарындас екеуі сол маңдағы нан дүкеніне кірген сәтте сатушы да жас жігітпен ым арқылы амандасады. Мұндай жағдай көкөніс дүкенінде де, такси ұстағанда да қайталанған. Бұған толқып-тебіренген жас жігіт көз жасына ие бола алмаған.
Оның әр қимылын оператор білдірмей видеокамераға түсіріп, таспаға тартып алған еді. Артынан белгілі болғандай, аталмыш фирманың көмегімен жергілікті тұрғындар бір ай бойы ыммен тілдесудің қыр-сырын үйреніп шыққан. Бұл жайында The Telegraph ақпарат көзі хабар таратты.
Тіпті, осынау әлеуметтік бастаманы, ең бастысы, адамгершілікке тұнып тұрған шараны жазып жүрген ағылшын тілді тілшілердің өзі көз жастарына ие бола алмаған екен.