Ыстамбұлда әлемдегі ең ірі Пайғамбар мұражайы ашылмақ
АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - 2016 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұражайы ашылмақ.
Бұл мұражай «алтын ғасыр» (Пайғамбарымыз бен әділетті төрт халифаның дәуірі) мен бүгінгі заманның арасын қосып тұратын көпір болуы тиіс, деп есептейді мұражайдың негізін қалаушылар.
muslim.kz сайтының жазуынша, мұражайға Пайғамбарымыздың күнделікті қолданған тұрмыстық заттары, пайдаланған құралдары, киімдерінің көшірмелері және де Пайғамбар мешіті мен Қағбаның да макеттері қойылмақ.
Осынау маңызды жобаны қолға алып отырған Пайғамбар қорының төрағасы Мехмет Каяның айтуынша, мұражай Ыстамбұлдың Аюб орамынан салынады, аумағы 3,5 мың метр болмақ.
Мұражай Пайғамбарымыздың әке, ата, Пайғамбар және мұсылмандар көшбасшысы ретіндегі 63 жылдық ғұмырынан сыр шертеді.
«Балалар мұражайдан Пайғамбарымыздың балалық шағымен танысса, жастар - жастық шағын, ал әкелер Пайғамбарымыздың әкелік міндетін танитын болады», - дейді Мехмет Кая.