Ыстамбұлда Интернетті басқару бойынша халықаралық форум өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұлда сейсенбі күні тоғызыншы Интернетті басқару мәселелері жөніндегі форум ашылды. Оған әлемнің әр түкпір-түкпірінен екі жарым мыңнан астам үкімет, үкіметтік емес ұйымдар, жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдері мен техникалық сарапшылар жиналды, деп хабарлады БҰҰ Жаңалықтар орталығы.
Бұл бейресми алаң барлық мүдделі тараптарға қауіпсіздік және «цифрлық тосқауыл» проблемаларын қоса алғанда, Интернетті дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
2014 жылдың аяғында Интернет пайдаланушылардың саны шамамен үш млрд. адамға жетпек. Олардың үштен екісі дамушы елдердің халқы. Алайда ғаламшардың төрт млн. тұрғынының әлі де Интернетке қолы жетпей отыр, бұлардың да басым бөлігі дамушы елдерге тиесілі. Мәселен, Африкада жылдың аяғында халықтың 20 пайызы ғана виртуалдық кеңістікті игере алады екен.