Ыстамбұлда қардың қалыңдығы 75 сантиметрге жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұлда қардың қалыңдығы 75 сантиметрге жетіп, 1987 наурыз айында тіркелген рекордтық көрсеткіш - 63 сантиметрден де асып түсті, деп хабарлады РИА Новости бейсенбі күні Түркияның метеоқызметіне сілтеме жасап.
Кеше Ыстамбұл әуежайы қатты жауған қардың салдарынан 350-ден астам ішкі және халықаралық рейстерді тоқтатты. 8 мыңнан астам жолаушы таяу маңдағы қонақүйлерге аттандырылды, Turkish Airlines оларға 35 мыңға тарта азық-түлік орамдарын берді.
Қардың мол жаууы қалада бірнеше шақырымдарға ұласқан кептелістер туғызды. БАҚ мәліметтері бойынша, тәулік ішінде 841 жол-көлік оқиғкасы орын алған.
Жергілікті билік дөңгелектері тағаланбаған автомобильдердің қозғалысына тыйым алды. Ыстамбұлда, сондай-ақ Коджаэли, Чанаккале, Сакарья, Нигде, Невшехир, Битлис, Kaйсери, Анталья, Конья провинцияларында қардың көп түсуінен мектептер жабылды.
Бейсенбі күні қардың түсуі саябырлады. Әуежай жұмысы қалыпқа келе жатыр, деп хабарлады Anadolu агенттігі.