Ыстамбұлда түркі әлемінің көркем туындылары көрмеге қойылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстамбұлдың тарихи Долмабахче сарайының өнер галереясында түркі әлемі суретшілерінің көрмесі ашылды. Көпшіліктің назарына әлемнің 29 елінен таңдаулы қылқалам шеберлерінің 80-ге жуық көркем туындылары ұсынылды, деп хабарлады 24.kz.
Шараның бас ұйымдастырушысы ТҮРКСОЙ ұйымы сурет көрмесін сонау 1998 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Осыған дейін түркі әлемінің көркем туындылары дүниежүзінің бірқатар елінде болып, жергілікті халық пен өнер сыншылары тарапынан жоғары бағаланды. Өйткені бұл көрмеде орын алған әр шығарма түркі жұртының сан ғасырлық тарихын, бай мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін танытуда.
«Әлемнің мәдени астанасы Ыстамбұлдай тарихи шаһарда бұл айтулы көрменің өтуі бекер емес. Қалаға қыдырып келген шетелдік туристер Долмабахче сарайын аралап болған соң, көрме залына арнайы кіріп, көркем туындыларды тамашалайды деп жоспарлап отырмыз. Көрме ай соңына дейін жалғасады. Келіп көремін деушілерге есігіміз ашық», - ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ.