Ыстамбұлдағы лаңкестіктен зардап шеккендер саны 30 адамға жетті
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Ыстамбұл қаласының орталығында болған лаңкестіктен зардап шеккендер қатары көбеюде.
CNN-Turk телеарнасының мәліметттері бойынша, 32 адам зардап шеккен, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Жараланғандардың ішінде көшеде кетіп бара жатқан 17 адам мен 15 полиция қызметкері бар. Олардың жартысы ауруханаға жатқызылса, жартысы алғашқы көмек көрсетілгеннен соң, үйлеріне қайтарылды.
Естеріңізге сала кетейік, 31 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10.30-да Ыстамбұл орталығындағы Таксим алаңында жарылыс болған. Жарылыс салдарынан жақын жерлердегі дүкендер мен дәмханалардың терезелері сынған.
Ыстамбұл полициясының бастығы хабарлағандай, лаңкестік әрекеттің көздеген нысаны Тәуелсіздік ескерткішінің жанындағы Таксим алаңында орналасқан полиция бекеті болған. Лаңкестік әрекеттен кейін полиция өзін құрбан еткен лаңкес пен ол іске қосқан жарылғыш заттың қалдықтарын тапқан.
Әзірге экстремистік топтың ешқайсысы бұл лаңкестік әрекет үшін жауапкершілікті өз мойындарына алған жоқ.
Қала бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Операцияға 6 полиция тікұшағы жұмылдырылған.